Мемлекет басшысы энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына назар аударды, – деп хабарлады Аikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап.
– Біз экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріп отырмыз. Заманауи өндіріс орындарын ашып жатырмыз. Еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс. Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа «дата-орталықтар» салынады, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп жатыр. Соған орай Президент Ақордада энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.