Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауы аясында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін Астана әкімдігі құр қалдырмады. Елордадағы жатақханалардың құрылысының басы-қасында жүріп, оны түбегейлі шешуге бар мүмкіндікті салып, бақылайтын арнайы алаң құрылды. Нәтижесінде, бүгінде 100-ден астам инвесторға кеңес беріліп, 50-ге жуық инвестициялық келісімшарт жасалды.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында студенттер жатақханасының мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы жазған болатын.
– Өздеріңіз білетіндей, өзге қалалардан келетін студенттердің саны жыл сайын артып келеді. Салалық министрлікпен, университеттермен және инвесторлармен бірлесе отырып, жатақхана орындарын көбейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын, яғни 2023 жылы 7 514 орынға жатақхана жетіспеушілігі сезілген. Ал сол жылдың аяғында 1 170 орынды 8 жатақхана пайдалануға беріліп, 7 388 орынды 20 жатақхана салынды. Мысалы, Менеджмент, бизнес және білім колледжінің жатақханасы 1 525 шаршы метр аумағын алып жатыр. Барлық тиісті талаптарға сай орындалған жатақхана ішінде демалыс бөлмесі, асүй, спортзал, жуыну бөлмесі, медициналық пункт, кір жууға арналған тұрмыстық бөлмеге дейін қамтылған. Тіпті, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Бұл жатақхана мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша салынған. Нақты айтсақ, 2020 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрлігі, сол сияқты ҚР БҒМ жанындағы «Қаржы орталығы» АҚ мен колледж арасында үшжақты шарт жасалған. Осындай жобалар – ең әуелі жастардың болашағына үлкен инвестиция болса, екіншіден, бизнес пен мемлекет ынтымақтастығының жақсы үлгісі. Сөйтіп, жатақхана мәселесі толығымен шешілмесе де, бастамасы жаман емес еді. Өйткені 2024 жылға жетіспей тұрған 6 344 орынның жыл соңында 1 544 орны пайдалануға берілген.
Міне, осындай негізде елордада мемлекеттік тапсырыс ретінде жаңадан жатақханалар ашылмақ. Бұл бизнес арқылы қаладағы әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Яғни, кәсіпкер әр студентті орналастырғаны үшін ақы алса, мемлекет жатақхана арқылы жастардың білім алуын қамтамасыз етуге мүмкіндік алады. Сондай нысанның бірі – Астанадағы Алматы ауданында салынбақ. Бұл жатақхана әуелі жеке кәсіпкерлердің ақысына салынады. Кейін мемлекет 6 жыл бойы сол шығынды өтейді.
Ал оқу жылының басынан 4 294 орынды 6 жатақхана тапсырылды. Биылғы, яғни 2025-2026 оқу жылының басындағы ахуал бойынша қалада 25 мың орын арналған 64 студенттік жатақхана жұмыс істейді. Жылдың соңына қарай тағы 1 жатақхана пайдалануға берілмек. Бұл – 380 орынды жатақхана.
Жаңа жатақханалардың артықшылығы студенттердің қауіпсіздігіне жауап беріп, интернет желісімен қамтылып қана қоймай, инклюзиялық ортаға дейін ойластырылған. Сондықтан қала әкімдігі тарапынан студенттердің жатақханамен қамтылуы мәселесі оңтайлы шешіліп жатыр.