Әлеуметтік желілерде мәһрге ерекше сыйлық сұраған мұғалімнің видеосы қызу талқыға түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кадрлардан жас жұбайлардың мешітте неке қию рәсімінен өтіп жатқан сәтін көруге болады. Имам келіншектен күйеуінен қандай сыйлық қалайтынын сұраған. Көпті таңғалдырған жауапта жас келін алтын әшекей емес, түрлі түсті принтер алып беруін өтінген. Әдетте мәһр ретінде алтын бұйым сұрау қалыпты саналса, бұл жолы мұғалім мамандығына қажетті дүниені таңдаған. Видео авторы да осы жайтқа назар аударып, «Алтын күте тұрсын, принтер маңыздырақ» деген жазба қалдырған.
Қалыптасқан үрдістен өзгеше болған бұл өтініш желі қолданушыларының көңілінен шығып, көбі әзіл аралас жылы пікір қалдырып жатыр. Пікір иелері мұғалімдердің қандай жағдайда да жұмысын бірінші орынға қоятынын айтып, өз басынан өткен ұқсас оқиғаларды айтқан. Кейбірі «неке қиып тұрса да, кәсібін ойлайтын мұғалімдер-ай» десе, енді бірі «мен де тұрмысқа шықсам, дәл осылай сұрар едім» деп жазған.