2028 жылғы Олимпиада ойындары: қандай спорт түрлері болатыны айтылды

Швейцарияның Лозанна қаласында өткен отырыс барысында 26 спорт түрі мен дисциплина бойынша іріктеу ережелері таныстырылып, мақұлданды.

Халықаралық Олимпиада комитетінің Атқарушы комитеті АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына арналған алғашқы іріктеу жүйелерін бекітті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Швейцарияның Лозанна қаласында өткен отырыс барысында 26 спорт түрі мен дисциплина бойынша іріктеу ережелері таныстырылып, мақұлданды. Олардың қатарында бадминтон, баскетбол, 3х3 баскетбол, BMX, шосселік велоспорт, трек велоспорты, маунтинбайк, байдарка мен каноэде есу, ат спорты, семсерлесу, гандбол, көгалдағы хоккей, дзюдо, қазіргі бессайыс, жүзу, ашық суда жүзу, регби-7, желкенді спорт, оқ ату және стендтік ату, таеквондо, волейбол және жағажай волейболы бар.

Қалған спорт түрлері бойынша іріктеу жүйелерін МОК Атқарушы комитетінің қарауына 2026 жылдың басында ұсыну жоспарланып отыр.

Көпшілік спорт түрлері мен дисциплиналарда 2028 жылғы Олимпиадаға іріктеу алдыңғы Олимпиада ойындарында қолданылған, өзін тиімді көрсеткен іріктеу үлгілеріне негізделген. Сонымен қатар барлық ережелер МОК тарапынан міндетті түрде түпкілікті бекітілуі тиіс.

Айта кетейік, Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесі спортшыларға жолдамаларды иеленудің кемінде екі түрлі мүмкіндігін қарастырады.