Өндірістегі өмір мектебі

Жақында «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты үздік кәсіпорын атанды. Бұл кәсіпорын еліміздің өндіру және өңдеу өнеркәсібінде ілкімді жобаларды іске қосып, ел экономикасының қарышты дамуын жеделдетуге атсалысып келеді.

Сонымен қатар кәсіпорын бүгінде алдыңғы қатарлы ірі жұмыс беруші саналады және мұнда еңбек адамын қолдаудың жарқын үлгісі қалыптасқан. Біз Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек жолын сорғы қондырғыларының машинисінен бастап, бүгінде комбинат директоры қызметіне дейін өндіріс мектебінен өткен Бауржан Утемисовпен сұхбаттасқан едік.

– Дөң тау-кен байыту комбинатының табалдырығын тұңғыш аттаған күніңіз есіңізде ме? Алғашқы жұмыс күніңіз қалай басталған еді? 

– Мен – Хромтауға жақын орналас­қан Дөң ауылының тумасымын. Мектеп кезінде біз көбіне Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмыс автобусымен үйге қайтатынбыз. Автобусқа №1 ұса­тып-байы­ту фабрикасының жаны­нан мінуші едік, ал ашық тұрған қақпаның артынан есті­летін фабриканың үні мені үнемі таң­ғалдыратын. Ес білгеннен тынымсыз ең­бектің тынысын сезіп өстім. Ата-анам геологиялық барлау сала­сында еңбек етті. Олардың жұмыс орындарында болдым, үлкендердің еңбектегі жауапкершілік, адамның өзінің және өзгенің алдындағы айнымас міндеті туралы әңгімесін тыңдай­тынмын. Өндіріс балғасы қалай жұмыс істейтіні мен үшін өте қызық әрі таңсық еді. 8-сыныпты аяқтаған соң аудандық газеттен Рудный индустриалдық техни­кумында түрлі мамандыққа қа­былдау жүріп жатқанын көрдім. Соның ішінде, «пайдалы қазбаларды байыту» мамандығы да бар екен. Аттестаттағы ба­ға­­ларым жақсы болғандықтан, мені тех­никумға емтихансыз қабылдады. Техни­кумд­ы бітірген соң әскерде болдым, одан соң Қазақ политехникалық институтында оқып, 1992 жылы фабри­каға жұмысқа келдім. Оқып жүргенде тәжірибеден өтіп, өндіріс жұмысына етене жақын болған­дық­тан шығар, фабрика мен үшін бөтен емес еді. Де­ген­мен бірінші жұмыс күнім ерекше есімде қалды. Себебі дәл сол күні өзімді осы өндірістің толыққанды мама­ны, инженер ретінде сезіндім, тынысым ашылғандай болды. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш болатын.

– Бала Бауржан қандай еді? Өндір­істегі өмір жолыңыз өзіңізді қай жағынан өз­гертті?

– Расымен, ойландыратын сұрақ. Арада көп жылдар өтті, уақыт қатпа­рында талай оқиғалар қалды. Еңбекте жүріп талай жетістікке жеттік, кейде қателіктен сабақ алдық. Қазір артқа қарасам, ең үлкен айырмашылық – жинал­ған өмірлік тәжірибе екен. Бұл, әрине, бәрімізде солай шығар деп ой­лаймын.

– Еңбек майданында 40 жыл аз уақыт емес. Сізді осыншама жыл бойы бір ұжым­­да, өндірісте ұстап тұрған не деп ойлайсыз?

– Бала арман, өзімнің құшт­арлық­пен таңдаған мамандығым, бүгінде жүрегіме ең жақын іске айналды. Мамандық таң­дауда қателеспегенімнің айғағы. Мені ұстап тұр­ған да өз жұ­мысыма деген махаб­бат, маман­дығы­ма деген адалдық. Осын­шама жыл­дан кейін де өзім болғым келетін жерде, өзім жақсы көре­тін жұмыс­пен айна­лысып жүрген­ім­ді қуана айта аламын.

– Өндірістегі өмір мектебінің алғашқы баспалдағында кездескен, есте қалған қиын сәттер болды ма? Жүрегіңізде ерек­ше із қалдырған қандай оқиғаны ерекше айта аласыз?

– Әр кезеңнің өзіне тән қызығы болады. Жұмыста, өмірімнің шамамен 70%-ын өткізетін ортада, басымыздан түрлі жағдай өтті. Біз ұжым болып, «жұдырықтай жұмыла» талай батыл ше­шім қабылдадық. Әр әріптесім – өз алдына бір тұлға. Мен сіздерге қиын­дық туралы емес, идея мен құлшыныс туралы бір мысал келтіргім келеді. Бір кезеңде Дөң тау-кен байыту комбина­тында зауыт­тарды қамтамасыз ету үшін ірі бөлшекті концентрат тапшылығы орын алды. Сол кезде біз әріптестермен бірге менің инс­ти­туттағы жетекшім, профессор Илья Райвичтің технология­сы бойынша «Юж­ный» карьерінің беткейінде 10–160 мм көлеміндегі ірі бөлшекті концентрат өнді­ретін шөктір­гіш кешен салуды ұсындық. Бұл кешенді біз ешқандай мердігерсіз, тек цех қыз­меткерлерінің өз күшімен, қара­пайым сле­сарьлер мен фабрика жұмыс­шы­ларының қолымен, бар мүмкіндікті пай­далана отырып жинадық. Тәжіри­беде болмаған технологияны іске қос­тық. Әрине, «жұмыс істемейді» деп күм­әндан­ғандар болды. Бірақ шөктір­гіш машина маусымдық режимде бес жыл жұмыс істе­ді. Бұл қажырлы еңбек ұжымның және әріптестердің бір-біріне деген сенімінің, ынтымағының жемісі еді.

Сонымен қатар ұсақ кластарды байы­­ту учаскелерінің құрылысы, кей­інірек шек­ем­тас өндіретін цехтың ашылуы – бәрі өз алдына бір-бір белес. Ол цех ТМД аума­ғын­да болат лентамен жұмыс істей­тін ал­ғашқы нысан болды. Ал фабрика әлем­дік рекордтар орнатқан уақыт, тіпті ерек­ше есте қалған, ұмыт­ылмас шақ еді. Жалпы, әр жыл өзі­нің қызықты, қуаныш­ты сәттерімен ұмыт­ыл­майды. Біз үнемі ізденісте бол­дық, дамыдық, жаңа жоба­ларды жүзеге асырдық және нә­тижесін көргенде нағыз ләззат алатын­быз.

– Өндіріс адамды қалай өзгертеді деп ойлайсыз? Ең қиын шешім қабылдаған кезіңіз есіңізде ме?

– Егер адам өзі өзгеруге дайын бол­са, өндіріс оны міндетті түрде өзгертеді. Ол байыпты бола бастайды, алдын ала ой­лап, жоспар құруды үйренеді, кәсіби және жеке жауапкершілігі артады. Өндіріс – бұл үнемі қозғалыста болатын, тірі үдеріс. Мұнда идеяларға, баста­ма­ларға кең мүм­кіндік бар. Өзіңді сын­ай­тын, ерекше ынталандыратын орта бар. 

Ал мен үшін қиын шешім қабыл­даған кезім, ол – белгілі себептерге байланысты уа­қытша өндірістен шеттеп қалу туралы ше­шім қабылдауыма тура келген кез. Бұл мор­альдық тұрғыдан өте ауыр тиді. Өйт­кені жылдар бойы қалыптасқан өмір ыр­ға­ғы мен әдеттерім бұзылды. Қайта-қайта жұмысқа бармайтын күннің өзінде таңғы бесте оянып алатынмын. Қазір бәрі жақ­сы, бірақ ол кезең оңай болған жоқ.

– Сіз, жақсы маман мен жақсы адам арасында айырмашылық бар деп ойлай­сыз ба? Болса, ол айырмашылық туралы не айтар едіңіз?

– Қандай жағдай болмасын, алды­мен адам болып қалу – ең маңыздысы. Ал байланыс неде десек, егер адамның адам­гер­шілік қасиеттері биік, адал, табанды, ұжыммен жақсы қарым-қатынаста болса, оған жақсы маман болу әлдеқайда жеңіл. Мұндай адам әр­қа­шан сый-құрметке бөле­неді. Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» және бөлек шық­қан «Сегізінші дағды» атты кітаптарын оқу­ға кеңес беремін. Онда тәуелсіздік, өзара тәуелділік (жұмыста), үздіксіз даму туралы айтылады. Мұндағы жазылған дағдылар адам бойында қал­ыптасса, кез келген уақытта өз тиім­ділігін көрсетеді.

– Тау-кен саласында ең маңызды қас­иет қандай деп ойлайсыз? Білім, тәжірибе әлде төзім бе?

– Үшеуі де маңызды. Бірақ мен тә­жі­рибе мен білімді ерекше атар едім. Себебі техникалық мамандар үшін бұл – кәсіби негіз. Ал тәжірибе мен білім жинаған адам уақыт өте шынығып, кез келген жағдайға дайын болуды үйренеді. Сол себепті төзім де өздігінен қалып­тасады.

– Комбинат сіз үшін тек жұмыс орны ма, әлде бір мақсатқа жұмылған үлкен тірі ағза іспетті ме? Ал егер ағза болса, оның жүре­гі саналатын ұжымның рухын қалай сипаттайсыз, қалай шыңдайсыз?

– Бұл жай ғана жұмыс орны емес екені анық. Дөң тау-кен байыту комби­натының тарихы терең, биыл 87 жыл толып отыр. Көп адам үшін бұл жер – өмірінің бір тарауы ғана емес, тұтас бір отбасылық мұра. Мұнда бірнеше әулет жұ­мыс істейді: әке­ден балаға мұра, атаның жолын немере жал­ғап жатады. Осы­нысымен ерекше. Ал ұжымның басты күші – менің ойымша, бір­лік. Өндірісте де, отбасында да, дос­тық­та да жақсы нәтижеге жетудің кілті – осы бірлік пен кәсібилік.

– Сіз еңбек жолыңызды өндірістегі жұ­мысшыдан бастап, бүгінде комбинатты бас­қ­арып отырсыз. Жалпы, өндірістегі өсу жолы сізге не үйретті, қандай өмірлік қағи­далар қалыптастырды?

– Ең бастысы – өз ісіңді шын жүрек­тен сүю. Қандай салада жүрсең де, табысқа жетуді қаласаң, алдымен өзіңе талап қоя біл. Ешқашан тоқтама, әрдайым дамуға, өсуге ұмтылу керек.

– Басшылыққа келгенде өз бойы­ң­ыздан немесе өз ойыңыздан қандай да бір өзгеріс бай­қа­дыңыз ба? Бұрынғы жұ­мысшы көзі­мен бағалау қасиеті сақталды ма?

– Егер еңбек жолыңды өндірістің өзі­нен, жұмысшылар ортасынан бас­тасаң, кей­ін қандай жоғары лауазымға көтеріл­сең де, сол көзқарасты жоғалту қиын. Әсі­ре­се, бойыңда эмпатия болса, мінезің соған жақын болса. Себебі ол – сенің тә­жірибең, бастау алған жерің. Біздің ком­пан­иядағы көптеген басшы­лар да дәл солай, бәрі өндірістің ішінен қайнап шық­қан, сондықтан үдерістің барлық қыр-сырын жақсы біледі.

– Жас мамандарға ең жиі айтатын кең­есіңіз қандай?

– Бұрын теледидарда бір жарнама бола­тын. Адам ақ жолақпен басын тік ұс­тап кетіп бара жатады, кейін қара жол­ақ­қа өткенде басы төмен түседі. Өмір де сол сияқты ақ та, қара да кез­еңдер болады. Тек бір нәрсені ұмытпаған дұрыс: қара кезеңнен кейін, міндетті түрде ақ кезең кел­еді. Ақ пен қара, жақ­сы мен жаман ал­мас­қан өмір өткел­де­рінде ешқашан жасымау керек, мойымау керек. Қандай жағдай болса да, алға – басыңды тік ұстап жүру маңызды.

– Ұжымда қиын сәттер болса, сіз ше­шімді қалай қабылдайсыз? Қандай қағида­ларға сүйенесіз?

– Ең басты қағида – адалдық. Алды­мен, өзіңе, содан кейін ұжымға адал болу. Адалдық, жауапкершілік, уақыт­ында ше­шім қабылдау – бәрі маңызды. Бірақ асы­ғыс­тық пен жылдам жұмыс атқару – екі бөлек нәрсе, оны ажырата білу қажет. Жұмыста да, өмірде де дәл осы ұстаныммен шешім қабылдаймын. Сонымен бірге, қиын сәттерде сабыр сақтап, көтеріңкі көңіл күйді жоғалтпау маңызды. Айтып өткенімдей, өмір бірде қара, бірде ақ жол­ақ. Егер бүгін қиын болса, ертең соны жақсы күнге айнал­дыру үшін қолдан кел­ген­нің бәрін жасау керек.

– Бүгінде өндіріс саласы экологиялық тұрғыдан жаңарып, «жасыл технология­лар­ға» бет бұрып келеді. Осы үдерісті сіз қалай бағалайсыз?

– Өте жақсы қабылдаймын, толық қолдаймын. ERG «жасыл» экономи­ка­ны дамытуға көп күш салып келеді. Дөң тау-кен байыту комбинатында да эко­логияға бағытталған ауқымды жоба­лар жүзеге асуда. Қазір жылдар бойы қорда­ланған қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа фабри­ка жұмыс істеп тұр. Биыл хромды өндіріс­тік қалдықтардан бөліп алу үшін иннова­циялық флотация учас­кесі іске қосылды. Бұл – экология­лық тұрақты технология­лар­ды дамытудағы маңызды қадам. Мұн­дай жобалар өңірдің экологиялық дамуы­на тікелей әсер етеді. Жер босайды, лас­та­ну азая­ды, табиғи ресурстарды тиімді пайда­лану артады.

– Дөң тау-кен байыту комбинатының болашағын қалай елестетесіз? Сіздің арманыңыздағы өндірістің ертеңгі бейнесі қандай?

– Комбинаттың келешегі кемел бола­тынына сенемін. «Болашақ» шах­та­сының дамуы, жаңа өңдеу техноло­гияларының ен­гізілуі, автоматтан­дырудың артуы – бәрі комбинаттың жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік береді. Біз үлкен өзгерістерге қарай жақсы қарқынмен келе жатырмыз. Сондықтан кәсіпорынның болашағы ай­қын әрі жарқын деп айта аламын. Тұрақты жұмыс істейтін, жоспарлы түрде дамитын, тоқтаусыз, үздіксіз, апатсыз өндіріс болуы керек. Еңбек сапында білікті, тәжірибелі, өз ісін жақсы меңгерген мамандар көп болуы керек. Ал ең маңыздысы – комби­нат­тың жоғары мәртебесі мен беделі әр­қа­шан сақталуға тиіс.

– Сіз үшін табыс деген не?

– Бірінші кезекте – бұл отбасы, менің тірегім. Ұлым, екі қызым және сүйікті жұбайым. Екіншісі – жан-тәніңмен жақ­сы көретін ісіңнің болуы және оның нә­ти­жесін көру. Осы екі дүниенің үйлесімі, тепе-теңдігі – мен үшін нағыз табыс. Көп жыл бұрын фаб­­рикаға келу туралы жаса­ған таңдауым үшін ешқашан өкінген ем­ес­пін. Бұл – мен үшін жай мамандық емес, өмірімнің үлкен бөлігі, өмір мек­тебі.

– Өміріңізді бір сөйлеммен түйінде­сек, ол қалай сипатталар еді?

– Мен өмірімнің қызық және басқаша болғанын қаламас едім. Әрбір басқан іздерім, әрбір алға қарай аттаған қадам­дарыма қарап, еш нәрсені өз­герт­кім келмейтінімді түсінуім – жақсы сезім.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

 

«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Бауржан Утемисов – кен саласында 40 жыл тәжірибесі бар, тау-кен металлургия өндірісінің майталман маманы. Еңбек жолын 1984 жылы дәл осы кәсіпорында №2 ұсатып-байыту фабрикасында сорғы қондырғыларының машинисінен бастады. Кейіннен учаске шебері, басшысы, цехтың бас инженері, фабрика директоры сияқты жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. 2000 жылы №2 кен байыту фабрикасының басшысы болып тағайындалды. 

Оның бастамасымен Дөң тау-кен байыту комбинатының жаңа бөлімшелері салынды. Өндірістік үдерістерді оңтайландыру, кен байыту фабрикаларында технологиялық және техникалық аудит жүргізу, өндірістік процестерді жақсартуға бағытталған көптеген идеялардың авторы. Ол –тәжірибелі тәлімгер, металлургия саласында талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. 

Өндірістегі өнегелі еңбегі лайықты бағаланып, бүгінде «Құрмет» ордені мен «Ерен ең­бегі үшін» медалінің иегері атанып отыр. Ақтөбе облысы әкімінің Құрмет гра­мо­тасымен және «Қазхромның үздік рационализаторы» төсбелгісімен марапатталған.