2026-2027 оқу жылына ұсынылатын оқу әдебиеттерін қарастыратын пәндік сараптау комиссия жұмысы өз мәресіне жетті

Барлығы 116 сарапшы жұмыс тобына тартылған.

2026-2027 оқу жылында бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылатын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге (оның ішінде электронды оқу басылымдарына) жүргізілген пәндік сараптаманың қорытынды кезеңі – пәндік сараптау комиссиясының отырысы өз жұмысын аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сараптама жұмысына еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, сондай-ақ өңірлердегі білім беру ұйымдарынан арнайы даярлықтан өткен, сертификаты бар тәжірибелі педагогтер қатысты. 

Комиссия мүшелері сараптама қорытындыларын зерделей отырып, оң сараптамалық қорытынды алған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің, оның ішінде электрондық оқу басылымдарының сапасына талдау жүргізді.

Сараптама барысында қайта басылып шығарылатын 4 және 8-сыныптың оқу әдебиеттері, 7, 9-сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы»;
9, 10-сыныптарға арналған «Құқық негіздері» пәндері бойынша оқулықтарға сараптама жұмыстары жүргізілді. 

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған Брайль қарпімен және үлкейтілген қаріпте әзірленген оқулықтар да сараптамадан өтті.

Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендер, оның ішінде әдістемелік ұсынымдар, жұмыс дәптерлері, үлестірмелі және демонстрациялық материалдар, сондай-ақ альбомдар сараптамадан өтті.

Бекітуге ұсынылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер білім алушылардың сыни ойлауын дамытуға, ақпаратты талдау және қолдану дағдыларын қалыптастыруға, пәндік білімді өмірлік жағдайларда тиімді пайдалануға, өздігінен білім алуға және шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.