Қазақстан мен Таиланд қалалары арасындағы әуеқатынасының географиясы кеңейді

Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан SCAT Airlines әуекомпаниясының Шымкент–Бангкок бағыты бойынша тікелей жолаушылар рейстерін іске қосу салтанатына қатысты.

Бұл шара екі ел арасындағы әуеқатынасы мен көлік байланысын нығайтудың маңызды кезеңі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шараға SCAT Airlines коммерциялық директоры Николай Буряков, Таиланд туризм басқармасы басшысының орынбасары Чиравади Кхунсуб, Таиланд өнеркәсіп министрінің кеңесшісі Ом Апичари, сондай-ақ авиациялық билік органдарының, әуежайлардың, туристік қауымдастықтардың, компаниялар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Елші М.Баймұхан бұл оқиғаның Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келуінің ерекше символдық мәні бар екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Шымкент–Бангкок бағытының ашылуы Қазақстан мен Таиланд арасындағы тікелей рейстердің жалпы санын аптасына 23-ке жеткізді. Бұл – өзара туризмнің, іскерлік байланыстардың және мәдени алмасудың тұрақты өсіп келе жатқанын көрсететін рекордтық көрсеткіш.

Елші сондай-ақ аптасына екі рет орындалатын жаңа бағыт жолаушылар мен бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынын, соның ішінде логистика, әуе жүк тасымалы мен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға жол ашып, Қазақстанның Шығыс пен Батысты жалғайтын көлік торабы ретіндегі рөлін және Таиландтың Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі хаб ретіндегі позициясын нығайтатынын атап өтті.

SCAT Airlines коммерциялық директоры Н.Буряков компанияның ұзақмерзімді даму стратегиясы Шымкентті Еуропа, Ресей, Оңтүстік Кавказ, Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, АТР және Таяу Шығыс бағыттарымен байланыстыратын өңірлік авиациялық хабқа айналдыруды көздейтінін айтты. 2027–2030 жылдары әуе паркін кеңейту жоспарлануда, Шымкентте жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілді, ал 2026 жылдың соңына дейін Бангкокқа рейстер саны аптасына 2-ден 4-ке дейін арттырылады. 2025 жылы Будапешт, Красноярск, Мюнхен, Прага және Тбилиси бағыттары ашылды, ал 2026 жылы Аустрия, Әзербайжан, Қырғызстан, Латвия, Ресей, Үндістан және Чех Республикасына жаңа рейстерді іске қосу жоспарлануда.

Өз кезегінде Чиравади Кхунсуб жаңа рейстің ашылуымен құттықтап, оның өзара туризмді, мәдени алмасуды және адамдар арасындағы байланыстарды дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, 2024 жылы Таиландқа 170 мыңнан астам қазақстандық азамат келген, ал 2025 жылы бұл көрсеткіштің одан әрі өсуі күтіледі. Бұған екі ел арасындағы визасыз режим де ықпал етті.

SCAT Airlines – Қазақстандағы ең көне әуекомпаниялардың бірі, нарықта 28 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Компанияның әуе паркінде 36 ұшақ бар, Шымкент пен Тараз қалаларында өз терминалдары және сертификатталған оқу-жаттығу орталығы бар. 2026 жылы Латвия, Чехия, Үндістан, Ресей, Әзербайжан, Аустрия және Қырғызстан бағыттары бойынша жаңа рейстер ашу жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Таиланд Корольдігі арасында Air Astana, SCAT Airlines және Thai AirAsia X әуекомпаниялары аптасына 23 тұрақты рейс орындайды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.