Президент Қатар Әміріне құттықтау жеделхатын жолдады 

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді және оның отандастарын Қатар Мемлекетінің ұлттық мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Президент жеделхатында Қазақстан Қатарды араб әлеміндегі сенімді әрі басты серіктесі ретінде қарастыратынын жеткізіп, сындарлы және мазмұнды қарым-қатынастың жоғары қарқынмен нығайып келе жатқанын атап өткен. Сондай-ақ екіжақты байланыстың ілгерілеуіне Қатар Әмірінің қосқан үлесін ерекше бағалайтынын мәлімдеген. 

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің жауапты қызметіне толағай табыс, ал Қатар халқына құт-береке тіледі.