«Аватар: от пен күл» фильмі қазақ тілінде ұсынылды

Қазақ тілінде дыбысталған әлемдік премьералар қоржыны тағы бір тың туындымен толықты. Әйгілі режиссер Джеймс Кэмеронның «Аватар: От пен күл» фильмі көрерменге жол тартты. Бұл Disney-дің осы жылы қазақ тілінде «сөйлеткен» бесінші фильмі.

Осыған орай Алматыда «Аватар: От пен күл» фильмінің тұсаукесері өтті. Көрсетілімге елімізге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер,  фильмді дыбыстаған актерлік құрам мен шығармашылық ұжым өкілдері  қатысты. 

Артур Аскарұлы, Санжар Мәди, белгілі актрисалар Әсел Қалиева, Нұрай Жеткерген, режиссер және продюсер Қуаныш Бейсек, продюсер әрі интервьюер Тимур Балымбетов, музыкант dudeontheguitar, әнші Ayau, стендап-комик Шыңғыс Ермек, сондай-ақ танымал блогерлер Азиза Айбадуллина, Біржан Әшім және басқа да өнер өкілдері болды. Сонымен қатар премьераға «Аватар: От пен күл» фильмінің дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев та қатысты.

«Біз үшін Қазақстандық көрермендердің «Аватар: От пен күл» фильмін өз ана тілінде тамашалай алуы – ерекше маңызды. Бұл премьера – жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі. Ал біз үшін, дистрибьютор ретінде жылды ауқымды әрі бірлікке шақыратын шарамен қорытындылауға берілген мүмкіндік. Бұл фильм отбасын бір шаңырақ астына жинап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады, отбасылық құндылықтардың маңызын еске салады. Әлемдік премьераны өз ана тілінде көру көрермен үшін шынымен де маңызды. Бұған Disney студиясының «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмінің қазақша дубляжының көрсеткіші дәлел бола алады. Фильм Қазақстандағы жалпы кассалық табыстың 15,7%-ын құрады. Бұл бұған дейінгі голливудтық фильмдердің қазақша нұсқаларынан жоғары нәтиже көрсетті. Қазақстандық көрермендердің визуалдық мүмкіндіктері, ауқымы мен еліктірер оқиғасы тәнті ететін осы бірегей тарихтың бір бөлігіне айналып жатқанын көру – біз үшін үлкен қуаныш» дейді Ascar Cinema компаниясының маркетинг директоры Динара Чеканова.

«Енді әлемдік киноиндустрияның ең ауқымды жобаларының бірі – «Аватар» фильмінің үшінші бөлімін қазақ тілінде көреміз. Бұл – жай ғана аударма емес, қазақ тілінің жаһандық мәдени кеңістікте өз орны қалыптасып келе жатқанының белгісі. «Аватар» – тұтас өркениет пен философияны қамтитын әлем. Сол әлемнің қазақша сөйлеуі – тіліміздің мүмкіндігі мен әлеуетін арттырып, оны заманауи мәдениеттің толыққанды тіліне айналдырады деп сенеміз», – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Үш сағатқа созылатын «Аватар: От пен күл» фильмінде Джеймс Кэмерон көрерменді айбынды да тылсым Пандора әлеміне жетелейді. Бұл жолы бұрынғы теңіз жаяу жауынгері, на`вилер тайпасының көсеміне айналған Джейк Салли (Сэм Уортингтон) өр мінезді жауынгер Нейтиримен (Зои Салдана) бірге сын-қатерге толы шытырман оқиғаларға тап болады. Салли әулеті өз әлемін қорғау жолында құндылықтарын сынайтын қиын таңдаулармен бетпе-бет келеді.

Ал осы ғажайып әлемді қазақша «сөйлеткен» аудармашылар еңбегіне назар аударсақ, фильмді ана тіліне бейімдеу барысында тілдік үйлесім пен мәдени реңкті сақтау басты назарға алыныпты. Туындыны аудармашы Нұрдәулет Затилла қазақ тіліне тәржімаласа, Гүлжан Сауртаева мәтінді үйлестірген. Бұл ретте дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев Аikyn.kz тілшісіне аударма сапасына қатысты пікір білдірді. 

– Бұл – фильмнің қазақ тіліне дыбысталған үшінші нұсқасы. Біз осыған дейінгі екі нұсқасының да дубляж процесіне қатыстық. Сондықтан бұл фильмді ана тілінде «сөйлететін» шығармашылық топтың өзіндік қалыптасқан стилі бар. На`ви халқы біз сияқты жер ғаламшарының тұрғындары емес, сондықтан олардың сөйлеу тәсілінде өзгешеліктер болуы мүмкін. Біз процесс барысында осы стилистиканы іздеуге талпындық. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, фильмді ағылшын тілінен қазақ тіліне аударудың арқасында мейілінше калькадан қашуға тырыстық. Шығармашылық ұжым сапалы аударма жасауға бар күшін салып жүр, – деді ол.

Сонымен қатар режиссер қазақ тілінің интонациясы мен дыбысталуы кейіпкер мінезі мен эмоциясын жеткізуге белгілі бір деңгейде әсер ететітін атап өтті.

– Қазақ тіліндегі дубляж көрерменге кейіпкер бейнесін жеткізуде өзінше ықпал етеді. Себебі ана тіліміздің басқаға ұқсамайтын өзіндік мақамы бар. Сол себепті мұндай ерекше тұстарымызды фильмде де көрсету маңызды деп ойлаймын. Туындыны дыбыстау барысында қазақ тілінің болмысын сақтауға ұмтылдық. Аудармашылыр Disney-дің арнайы сертификатынан өткен. Олар дубляж ісімен 10 жылға жуық уақыт бойы айналысып келе жатқан мамандар, – деді Шах-Мұрат Ордабаев.

Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілде дыбысталған 40-қа жуық нұсқасын дайындайды. Былтырдан бастап «Қазақ тілі» қоғамының мұрындық болуымен ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын ана тілінде ұсынуға көшті. Іргелі бастаманың нәтижесінде Disney студиясы 2024 жылы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмысын қаржыландырса, биыл «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Элио», «Аңдар шаһары 2» туындысын жарыққа шығарды. Ерекше атап өтерлік жайт, таяуда ғана үлкен экранға жол тартқан «Аңдар шаһары 2» мультфильмі бір аптаның ішінде 110 889 000 теңге жинап, жаңа рекорд орнатқан еді. Осылайша Қазақстан мен Орталық Азия елдері бойынша қазақша дубляж жалпы табыстың 14 пайызын құрады. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы