Жыл соңында адам баласы өткеніне көз жүгіртіп, барын таразылап, жоғын түгендейді. Бұл тек жеке адамның емес, кез келген орта мен қауымның да әдеті. Өткен жылға есеп беру бір жағынан атқарылған істі саралау болса, екінші жағынан кейінге қалған шаруаны қайта қолға алу қажеттігін өз-өзіңе еске салу.
Біз де осыны жасамаққа ниеттендік. Бірақ өз тірлігімізді емес, қазақ өнерінің биылғы бедерін, есте қалған айтулы оқиғаларды шолып өтпекпіз. Қайсысы қоғамға ой салды, қайсысы мәдениетте із қалдырды, соған назар аударамыз. Әрине, бұл біздің субъективті көзқарасымыз. Сондықтан «айтулы оқиғалар» тізімін әркім өз танымы мен талғамына сай өзі де түзе алады.
Алғаш ойға оралатыны – Абайдың 180 жылдық мерейтойы. Мемлекеттік жоспарға сәйкес өткен іс-шара “отыз күн той” болмаса да, онкүндік ретінде халықтың есіңде қалды. Семей өңірінен бөлек, ресми ақпарат бойынша, жыл бойы Қазақстанның барлық өңірінде және шетелде мерейтойға арналған мәдени, ғылыми және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарында конференциялар, әдеби кештер, театр қойылымдары, айтыстар, көрмелер мен білім беру жобалары болды. Мерейтой бір күнмен немесе бір қалада өтетін шарамен шектелмей, жыл бойына созылды.
Мысалы, 1-10 тамыз аралығында Семей қаласынында айтулы шаралар өтті. Онкүндік барысында Abai Akademiyasy цифрлық порталының тұсаукесері ұйымдастырылып, қалада этноауыл ашылды, қолөнершілер фестивалі, ұлттық спорт жарыстары өткізілді. Осы күндері театр қойылымдары, моноопера, симфониялық және халықтық концерттер, белгілі өнерпаздардың шығармашылық кештері сахналанды. Сонымен қатар ақындар айтысы, жас ақындар мүшәйрасы, халықаралық ақындар фестивалі, кітап пен энциклопедия тұсаукесерлері, көрмелер мен ғылыми конференциялар өтті. Ал 10 тамызда Абай күні Семей мен Жидебайда қорытындыланып, мерейтой аясындағы мәдени бағдарламалар толық қамтылды.
Тағы бір ойға оралған маңызды оқиғалардың бірі – 2025 жылы Ақтаудың Түркі дүниесінің мәдени астанасы атануы. Бұл мәртебе TURKSOY шешімімен беріліп, жыл бойына жоспарланған мәдени бағдарламалар арқылы жүзеге асты. Ақтау бұл атақты бірреттік салтанат ретінде емес, жүйелі мәдени процесс ретінде қабылдады. Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл ішінде қалада және өңірде түркі халықтарының ортақ мұрасын танытатын концерттер, фестивальдер, көрмелер, ғылыми кездесулер мен шығармашылық жобалар ұйымдастырылды. Іс-шаралар тек сахналық өнермен шектелмей, дәстүрлі музыка, жыр-күй, қолөнер, тарихи жады және қазіргі мәдени байланыстарды қамтыды.
Мысалы, жыл бойына Ақтау қаласында түркі елдерінен келген өнер ұжымдарының қатысуымен халықаралық концерттер өтті, қолөнер көрмелері, мәдени форумдар, шығармашылық кездесулер мен жастарға арналған мәдени жобалар іске асты. Ақтаудың жағалауы мен тарихи ландшафты да мәдени бағдарламаның бір бөлігіне айналып, іс-шаралар қала орталығымен ғана шектелмей, ашық алаңдарда өткен екен.
2025 жылы Астана мен Алматыда жаңа өнер мұражайларының ашылуы қазақ мәдениеті үшін ірі мәдени оқиға ретінде көрінді. Қазан айында Астанада «Өнер музейі» өз есігін айқара ашты, мұнда 1 600-ден астам ұлттық музыкалық аспап, соның ішінде сирек кездесетін желбуаз, мес сырнай, уілдек және тастауық сияқты дәстүрлі аспаптар қойылған. Мұражай экспозициялары арасында ұлттық киімдер мен қолдан жасалған бұйымдар да бар, сондай-ақ мұражай жанында ғылыми-зертханалық шеберхана да жұмыс істейді, ол аспаптарды қалпына келтіру және зерттеу бойынша қызмет атқарады. Мұндай музейдің ашылуы ұлттық мәдениет пен қолөнерді сақтау әрі таныту бағытында нақты қадам болды.
Осы сияқты Алматыда да Almaty Museum of Arts заманауи өнер мұражайы ресми түрде ашылды. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы ірі жеке музей болып саналатын нысан, онда заманауи өнердің көрнекті туындылары мен Қазақстан, Орталық Азия мен шетелдік суретшілердің шығармалары қойылған. Мұражайдың коллекциясы 700-ден астам жұмыстан тұрады, архитектурасы қала мен табиғат ұғымдарын үйлестірген, әрі қоғамдық кеңістік ретінде де жоспарланған. Ашылу күндері оған мыңдаған адам келіп көрмені тамашалады. Бұл музей елдің мәдени инфрақұрылымында жаңа белесті білдіреді және заманауи өнерді кең түрде танытуға мүмкіндік беретін орынға айналды.
Төртінші назар аударарлық шара Dombyra Party дер едік. Бұл бастама жаңа емес, бұрын да болған, алайда соңғы жылдары не мүлде өтпей, не өте тар ауқымда ғана ұйымдастырылып жүргені байқалатын. 2025 жылы жағдай өзгерді. Әлеуметтік желілерде Dombyra Party форматындағы шаралар жиі көріне бастады, олар тек әуесқой деңгейде емес, кең аудиторияны қамтыған көпшілік іс-шараларға айналды. Қала алаңдарында, ашық кеңістіктерде, жастар жиналатын орындарда домбырамен күй тарту қайтадан көзге түсті.
Ең бастысы, Dombyra Party атауының өзі қолданысқа ене бастады. Бұрын бұл формат бейресми бастама ретінде қабылданса, биыл мемлекеттік және облыстық деңгейдегі мәдени іс-шараларда да дәл осы атаумен аталып, ресми бағдарламаларға кіргені байқалды. Бұл Dombyra Party-дің тек флешмоб не бірреттік акция емес, қоғам қабылдаған, танылған формаға айналғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жыл Dombyra Party үшін қайта жандану кезеңі болды деуге негіз бар.
Тағы бір елеулі оқиға ретінде «Шежірелі құлақ күй» жобасын атауға болады. Бұл жоба күй туралы кезекті хабар немесе орындаушылық бағдарлама/шолу емес. Негізгі өзегі – отарлау саясатының қазақ домбырасы мен күй өнеріне қалай әсер еткені туралы жүйелі әңгіме. Жоба 20 сериядан тұрады және әр бөлім жеке тақырыпты қамтиды. Күйшілердің көзін жою, дәстүрлі есту мәдениетінің үзілуі, орындаушылық ортаның өзгеруі, сондай-ақ күй мен домбыраның формалық, мағыналық тұрғыда қалай трансформацияланғаны талданады. Мұнда күй тек музыкалық шығарма ретінде емес, тарихи дерек пен мәдени куәлік ретінде қарастырылады.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – оның тұрақты форматы. «Шежірелі құлақ күй» әр апта сайын, нақты айтқанда, әр сәрсенбі күні өз YouTube арнасында жаңа сериясын жариялап отырады. Бұл жобаны бірреттік акциядан гөрі ұзақмерзімді зерттеу жұмысына жақындатады. Әр серияда бір мәселе көтеріліп, күй тарихына қатысты ұмыт қалған немесе айтылмай келген тақырыптар қозғалады. Осы тұрғыдан алғанда, «Шежірелі құлақ күй» 2025 жылғы мәдени кеңістікте күй туралы әңгіменің бағытын өзгерткен, жаңаша ой салар жоба ретінде ерекшеленді.
Қорытындылай айтқанда, біздің шағын шолуымыз осы бес оқиғамен шектеледі. Мұндағы мақсат бір оқиғаны асыра дәріптеп, енді бірін төмендету емес. Сөз басында айтқанымыздай, бұл өз көрқарасымызға сүйенген жеке пікіріміз, әркім осылайша өз тізімін өз талғамына сай құра алады. Біз тек 2025 жылы қоғам назарын аударған, мәдени кеңістікте із қалдырған бағыттарды атап өтуді жөн көрдік.
Абайдың 180 жылдығы, Ақтаудың Түркі дүниесінің мәдени астанасы болуы, Өнер мұражайларының ашылуы, Dombyra Party-дің қайта жанданып, кең таралуы және «Шежірелі құлақ күй» жобасының пайда болуы біздіңше формасы әртүрлі болғанымен, мазмұны жағынан бір арнаға тоғысады. Осылардың барлығы қазақ мәдениетінің биыл аз да болса ілгері жылжығанына үміт пен сенім ұялатады.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.