XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары: Олжас Бектенов жеңімпаздарға мемлекеттік награда табыс етті

Айта кетейік, 2025 жылғы Сурдлимпиада ойындарына 81 мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстандық спортшылар сегіз спорт түрінен ел намысын қорғап, 8 алтын, 4 күміс және 13 қола – барлығы 25 медаль жеңіп алды. Нәтижесінде, ҚР Ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте 9-орынды иеленді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша,  Премьер-Министр Олжас Бектенов биыл 15-26 қараша аралығында Токио қаласында (Жапония) өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық спортшыларға мемлекеттік наградалар табыс етті,  деп хабарлады Aikyn.kz.

Премьер-Министр Олжас Бектенов спортшыларды қолдау Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, ұлттық құрамаға, оның мамандары мен бапкерлер құрамына жеңіске жету жолында табандылық пен ерік-жігердің үлгісін көрсеткен үйлесімді және нәтижелі жұмыстары үшін алғысын білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін спорт ғимараттарын салуға баса назар аудару қажеттігін атап өтті.  Сурдлимпиада ойындары біздің еліміздегі сурдлимпиада қозғалысының тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Бұл  спорттық ұйымдардың, жаттықтырушылардың, сондай-ақ  өз еңбегімен болашақ жеңістерге берік негіз қалайтын спортшылардың үйлесімді және тынымсыз жұмысының нәтижесі. Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет кәсіби және бұқаралық спортты дамыту, спортшыларды қолдау бойынша жұмыстар жүргізуде, жаңа инфрақұрылым нысандары салынуда. Жүйелі және уақытылы шаралар жалпы жетістікті арттыруға және бүкіл спорт саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді»,  деді Олжас Бектенов.

Марапаттау барысында сурдо дзюдо спортшыларының жетістіктері аталды: олар Қазақстанға 11 медаль (5 алтын, 2 күміс және 4 қола) әкелді. Сонымен қатар команда көшбасшыларының қатарында үш дүркін және екі дүркін чемпион атанған Еркебұлан Қанафин мен Шадияр Қуандық бар. Ал биіктікке секіруден ұлттық құрама қоржынына алтын медаль салған жеңіл атлетші Фаина Мейрманова 1,79 метрді бағындырып, ойынның рекордын орнатты.

Еркін және грек-рим күресінде чемпион атанған балуандар Андрей Самарин мен Шадияр Пернеш те жалпы нәтижеге айтарлықтай үлес қосты. Үстел теннисінде Қанат Конкубаев, Данияр Ескендіров, Бижан Төлебаев және Абылай Бүркітбай қола жүлдеге ие болды. Таэквондода Аян Абдраш, Айжамол Абдикатова және Аида Макатова қола жүлдегер атанды. Премьер-Министр қол жеткізілген барлық нәтижелер қазақстандық спортшыларды даярлаудың жоғары деңгейі және олардың аса маңызды спорттық сын-қатерлермен ойдағыдай күресуге қабілеттілігін көрсететінін атап өтті.

Марапатталғандардың атынан жаттықтырушылар Серік Данияров пен Максим Рожков сөз сөйледі.

«Барлық спортшы мен жаттықтырушының атынан Қазақстан Президентіне сурдлимпиада спортшыларына көрсеткен үлкен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Біз Сурдлимпиада ойындарында 1997 жылдан бері өнер көрсетіп келеміз. Қазақстан үшін алтын медальді бірінші болып жеңіп алғаным есімде. Осы жылдар ішінде өте үлкен жұмыстар атқарылды. Жапониядағы ойындар біздің еліміз үшін жетістікке толы болды. Біз алғаш рет көп медаль иелендік. Осы дәстүрімізді әрі қарай жалғастырамыз»,  деді ҚР Ұлттық Сурдлимпиада құрамасының жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Максим Рожков. 

 «Құрмет» орденімен марапатталғандар:

🟦Еркебұлан Қанафин – Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және командалық спорт түрлері бойынша чемпионы (2025); 

🟦Шадияр Қуандық – Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және командалық спорт түрлері бойынша чемпионы (2025); 

🟦Сергей Дмитренко – сурдо дзюдодан ҚР ұлттық құрама командасының бас бапкері;

🟦Қуанышбек Мұқаш – ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің вице-президенті;

🟦Азамат Қарлығашев – ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің вице-президенті.

 ҚР Президентінің Алғысымен марапатталғандар: 

🟦Сәуле Шақуова – ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің бас директоры; 

🟦Серік Сәпиев – ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті;

🟦Айжан Чокина – ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің бас хатшысы.