Күріштің әр гектарынан 58,1 центнерден өнім алынды – Нұрлыбек Нәлібаев

Бұл аймақтың егін шаруашылығын әртараптандырып, саланы жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Осы жылы бұл көрсеткішті 234 млрд 800 миллион теңгеге жеткен. Бүгінде аймақта  6 млрд 400 миллион теңге болатын 9 жоба іске қосылды. Бұл туралы елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz. 

–  Ауыл шаруашылығының машина-трактор паркі жаңартылып, 2022-2024 жылдары 21 млрд  800 млн теңгеге 647 техника алынса, осы жылы 4 млрд 700 млн  теңгеге машина-трактор паркі 139 ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтырылды.

Президент тапсырмасымен аймаққа Премьер-Министр бастаған Үкімет делегациясы арнайы келіп, шаруалардың жағдайымен, егістің жай-күйімен танысты. Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық өңірінен 139 қызметкерден құралған жеке құрамды жеткізіп, екі ай бойы шаруалардың игілігі үшін ауқымды жұмыс атқарды.  Үкімет резервінен 53 насос қондырғысын алуға қажетті қаржы бөлінді. Дер кезінде қабылданған шешімдер егінді шығынсыз жинап алуға жол ашты, – деді Н.Нәлібаев.

Егін шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу технологиясын енгізген шаруашылықтарды мемлекеттік қолдауға алдағы 3 жылға 34 млрд  теңгеден астам қаржы бөлінді. Мемлекет басшысы суды көп қажет ететін дақылдар егісін оңтайландыруды, оның орнына ылғалға төзімді, өнімділігі жоғары, сұранысқа ие жүгері, майлы дақылдар көлемін арттыруды тапсырды.

Бұл бағытта жүгеріні терең өндейтін Қызылорда крахмал-сірне зауыты жобасы 2025-2029 жылдар аралығында екі кезеңде іске асырылады. Бірінші кезеңде кептіру кешені, екінші кезеңде жүгеріні терең өңдейтін зауыт салынады. Зауытқа 35 гектар жер телімі табысталып, 10 мың гектарға дән жүгері егуге шаруалармен келісім жасалды.

Одан бөлек, швейцариялық «Харвест Груп» компаниясымен бірлесіп, 21 мың гектарға техникалық қарасора, жүгері және соя өсіріледі, агроиндустриялық кластер құру жоспарлануда. Бұл жобалар аймақтың егін шаруашылығын әртараптандырып, саланы жаңа деңгейге көтеруге оң ықпалын тигізеді, –  дейді аймақ басшысы  Н.Нәлібаев.