Әлеуметтік әріптестікті дамыту, азаматтардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау, еңбек саласындағы сындарлы диалогты нығайту – бұл нормалар бүгін «AMANAT» партиясы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумда бекітілген негізгі қағидаттар. Құжат ұжымдық-шарттық қатынастарды дамыту, қызметкерлерге құқықтық қолдау көрсету, еңбек және әлеуметтік заңнамаларын жетілдіру бағыттарында ұзақмерзімді өзара іс-қимыл қағидаларын айқындайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қол қою рәсіміне «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты.
Іс-шара барысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жұмысшы мамандықтарын қолдау – партия негізгі басымдықтарының бірі екенін, оның практикалық қызметте де, заң шығару жұмысында да көрініс табатынын атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Бұл ел дамуы жолындағы еңбек адамының стратегиялық рөлін, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудағы маңызын, сондай-ақ қауіпсіз және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету қажеттілігін айқындайды. Бүгінгі меморандум тараптардың сындарлы диалогқа негізделген жүйелі әрі кәсіби бірлескен практикалық жұмысқа дайын екенін және осы бағыттағы ортақ түсінігін көрсетеді», – деді ол.
Ол еңбек адамына қолдау көрсету және әлеуметтік әріптестіктің орнықты тетіктерін дамыту «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасында және 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында бекітілгенін еске салды. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында партия еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіліп, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, жұмысшы жастар форумдары және басқа да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылған. Сонымен қатар биыл Үкіметпен бірлесіп, жұмысшы жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және олардың кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған «Жұмысшы жастар аманаты» атты ауқымды жобасы іске қосылды.
Атқарушы хатшы Кәсіподақтар федерациясы еңбек ұжымдарының мүддесін қорғай отырып, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқығын қамтамасыз ететін әлеуметтік әріптестік жүйесінің жетекші институты ретіндегі шешуші рөлін атап өтті.
Өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл меморандум сенім, лайықты еңбек және әлеуметтік әділеттілік сияқты ортақ құндылықтарға негізделіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясымен ынтымақтастық бүгінде нақты нәтиже беріп, еңбек адамының құқығын қорғау мәселесінде партиялық және кәсіподақтық күн тәртібінің үйлесетінін көрсетіп отыр.
«AMANAT» партиясы әрдайым халықпен бірге, халық үшін еңбек етіп келеді. Бүгінгі ынтымақтастық үш қағидатқа негізделеді: сенім, лайықты еңбек және әлеуметтік әділеттілік. Лайықты еңбек – сенімнен басталады және ашық диалог, ұжымдық шарттар, салалық және өңірлік келісімдер, кеңестер мен цифрлық бақылау құралдары арқылы жүзеге асады. Жалпы, еңбек лайықты бағалануға тиіс және бұл сөзбен емес, нақты істерден көрініс табуы қажет: еңбекақының лайықты деңгейі, қауіпсіз еңбек жағдайы, адам құқықығының қорғалуы және мүмкіндігінің кеңейтілуі. «AMANAT» партиясымен меморандумға қол қою – сенім қалыптастыруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және еңбек адамының игілігі жолында бірлесіп жұмыс істеуге бағытталған», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Сондай-ақ ол бүгінде барлық деңгейдегі мәслихатта кәсіподақтық платформа бойынша 247 депутат еңбек адамдарының мүддесін қорғап отырғанын, олардың 93 пайызы «AMANAT» партиясының мүшелері екенін айтты. Федерация төрағасының пікірінше, бұл партияның халықпен бірге екенін айқын дәлелдейді.
Тараптар қол жеткізілген келісімдер әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және еңбек адамдарының мүддесін қорғауға ықпал ететініне сенім білдірді.