Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі» мемлекеттік ақпараттық жүйесін іске қосты. Бірінші кезеңде жүйеге қолданыстағы индустриялық сертификаттары бар компанияларды қосу жоспарлануда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы индустриялық сертификат иелерін қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу жөніндегі Жол картасына қол қойды.
Қолданыстағы индустриялық сертификаттары бар кәсіпорындар «Атамекен» ҰКП ұсынған деректер негізінде техникалық оператор – «Электрондық қаржы орталығы» АҚ арқылы Тізілімге енгізіледі.
Компаниялар өз мәртебесін рәсімдеу үшін 2026 жылғы 30 қаңтарға дейін жүйеде қажетті мәліметтерді толтырып, өтінім беру және цифрлық тексеруден өту қажет. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда кәсіпорын тізілімнен шығарылады.
Мәртебені сақтау үшін негізгі шарт – нақты өндірістік қызметтің расталуы.
Сонымен қатар өзге компаниялар да өтінім беру арқылы, қажетті технологиялық операциялардың орындалуын растай алған жағдайда тізілімге енгізіле алады.