Сауда байланысы беки түседі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысты.

Кездесуге Қазақстан Президентімен бірге Ресей Федерациясының Президенті Вла­димир Путин, Беларусь Респуб­ли­ка­сы­ның Президенті Александр Лука­шен­ко, Қырғыз Республикасының Пре­зи­ден­ті Садыр Жапаров, Армения Рес­пуб­ли­касының Премьер-министрі Никол Па­шинян, сондай-ақ Еуразиялық эко­но­микалық комиссия алқасының төра­ғасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Кеңес отырысында Еуразиялық эко­но­микалық одақ жұмысының келесі жы­лы атқаратын негізгі міндеттері мен ба­ғыттары талқыланды.

Сонымен қатар жиынға қатысушылар ЕАЭО-ның қазіргі қызметіне байла­ныс­ты бірқатар мәселе жөнінде пікір ал­мас­ты.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Жо­ғары Еуразиялық экономикалық кеңес­тің (ЖЕЭК) кезекті отырысында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы алдымен қонақ­жай­лық танытып, іс-шараны жоғары дең­гейде ұйымдастырғаны үшін Ресей Пре­зиденті Владимир Путинге риза­шы­лы­ғын білдірді. Сондай-ақ Жаңа жыл қар­саңында Петербургтегі дәстүрлі кез­десу жылды қорытындылап, алдағы күнге жос­пар құру­ға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Президент биыл Еуразиялық эко­но­ми­­калық одақ үшін мерейлі жыл бол­ға­нын еске салды. Ұйым дамудың екінші он­жылдығына батыл қадам басты. Осы ке­зең ішінде өзара сауда-cаттық тұрақты түр­де өсіп, ірі инфрақұрылым жобалары та­бысты жүзеге асты және өнеркәсіп кооперациясының аясы кеңейе түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жыл­дар­дағы жаһандық дүрбелеңдерге қара­мастан, ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық даму қарқыны бәсең­де­ме­геніне тоқталды.

– Биыл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жиынтық ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғай­мақ. Алдағы екі жылда ІЖӨ өсімі тұрақты болады деп болжанып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері ұйым елдерінің бір-біріне салған тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард дол­лардан асты. Қазақстанға келген инвес­тиция жеті еседей өсті (2015 жылы 600 миллион доллар, 2024 жылы – 4 мил­лиард доллар). Өнеркәсіп өнімі 29 пайыз артып, 1,5 триллион долларды құрады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту қажет екеніне на­зар аударып, интеграциялық бірлес­тік­ті дамытудың басым бағыттарын ай­қын­дады.

– Әлем жаппай цифрлық транс­фор­ма­ция мен жасанды интеллект дәуіріне қа­дам басты. Уақыт ағымынан қалмай, за­манауи технологияларды ЕАЭО-ға мү­ше елдер экономикасының барлық сала­сы­на енгізу қажет деп санаймын. Жасан­ды интеллект технологиясын ЕАЭО қыз­метіне енгізе бастауды ұсынамыз. Атап айтқанда, мұндай жүйелерді сауда ағынын жоспарлауға және кедендік баж салығының ықпалын бағалауға қазірдің өзінде пайдалануға болады. Келесі жылы Қазақстан ұйымға төрағалығы аясында дәстүрлі Еуразия экономикалық фо­ру­мын өткізеді. Осы жиында Эконо­ми­ка­лық одақ кеңістігінде Жасанды интел­лек­тіні жауапкершілікпен пайдалану тура­лы бірлескен мәлімдеме қабылдауға бо­лар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО әлемдегі маңызды көлік-логистика торабы бола алады.

– Бірлестік құрамындағы мемлекеттер­дің аумағы арқылы Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Солтүстік – Оңтүстік, Транскаспий халықаралық көлік бағдары секілді негізгі дәліздер өтеді. Қазақстан шетелдік серік­тестермен бірге (Ресей Федерациясында, Қытайда, Әзербайжанда және басқа да елдерде) халықаралық мультимодальды логистика орталықтары мен терминалдар желісін (Румыния мен Мажарстанда) дамытуды белсенді қолға алды. Серіктес­терімізді сауда-саттықты жандандырып, жүк тасымалы шығынын азайту үшін ұйымға мүше өзге мемлекеттерді де осы іске атсалысуға шақырамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Каспий жағалауындағы теңіз инфра­құрылымы арқылы ынтымақтастықтың тың мүмкіндіктеріне жол ашылатынын жеткізді. Президенттің айтуынша, Каспий теңізіндегі негізгі порттарда орналасқан заманауи контейнер хабтары ұдайы ұлғайып келе жатқан жүк тасымалына қызмет көрсете алады. Бұл ретте ол ұйымға мүше елдердің транзит әлеуетін нығайтуға серпін беретін Кеме қатынасы туралы келі­сімнің күшіне енуін жеделдетуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемде сұранысқа ие, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағдарланған жаңа өндіріс орындарын дамытуға баса мән берген жөн.

– Еуразия даму банкі сарапшыларының есебіне сәйкес, ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп тауарларын шығару және экспорттау бойынша қосымша мүмкіндігі 67 миллиард долларға бағаланады. Осы әлеуетімізді толық пайдалансақ, түпкі нәтижесі 500 миллиард долларға жетуі ықтимал. Аталған мақсатқа жету үшін өнеркәсіп кооперация­сын күшейту қажет. Бұл орайда серпінді инновациялық жобаларға инвестиция құйған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өзара сауда-сат­тық­тағы әкімшілік кедергілерді толықтай жоятын уақыт келгенін мәлімдеді.

– Азаматтардың еркін қозғалуына мүмкіндік бермейтін қолдан жасалған шек­теу­лерді алып тастап, шекарадағы жүк көліктерінің ұзын сонар кезегін жою қажет. Кедендік реттеу және (көлік, санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық) мемле­кеттік қадағалау шаралары ұйым ішіндегі кейбір шешімдерді өткізу құралы ретінде қолданылмауға тиіс. ЕАЭО құрылғалы бері кедергісіз сауда ортасын қалыптастыруға бағытталған біршама құжат қабылданды. Енді осы ортақ міндеттерді мүлтіксіз сақтап, өзара алыс-беріс пен барыс-келіске «тұсау болатын түйткілдерді» уақытылы шешіп отыру керек. Комиссия кедергілерді шұғыл анықтау үшін ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттердің заңнамалық бастама­ларына мониторинг жүргізетін жасанды интеллект технологиясын қосу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Кедергісіз нарық пен тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету басты міндет болуға тиіс. Азаматтар мен бизнес интеграцияның нақты пайдасын көруі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-эко­номикалық ынтымақтастық аясын кеңей­туді белсенді қолға алған дұрыс деп са­найды.

– Биыл Моңғолиямен Еркін сауда ай­ма­ғы туралы келісімге, Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Бүгін Индонезиямен осындай мәміле жасалады. Біз мұны құптаймыз. Бұл – бірлескен жұ­мыстың елеулі нәтижесі. Әрі өзге елдердің Еуразиялық экономикалық одақпен сауда байланыстарын тереңдетуге қызығу­шылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Таяу келешекте ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шы­ғыс Азия және Африка мемлекеттерімен ықпалдастығын кеңейту маңызды деп санаймыз. Сонымен қатар ШЫҰ, АСЕАН секілді басқа да маңызды ұйымдармен ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлу керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қоры­тындылай келе, мемлекеттер алдында салмақты шешім мен үйлесімді әрекетті талап ететін күрделі міндеттер тұрғанына назар аударды.

Президент келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төра­ғалық ету миссиясы Қазақстан Респуб­ликасына өтетінін еске салды. Мемлекет басшысы еліміз жаңа табысқа қол жеткізіп, бірлестік елдерінің игілігін еселеу үшін нәтижелі жұмыс жүргізуге ниетті екенін жеткізді. Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 28-29 мамырда Астанада өтетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым төрағасы міндетін табысты атқарғаны үшін Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкоға алғыс айтты.

Жиын қорытындысы бойынша бір­қатар құжат қабылданды.

Сапар аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ның бейресми саммитіне қатысу үшін Санкт-Петербургке келген өзге де мемлекеттер басшыларымен бірге Эрмитажды аралап көрді.

Мәртебелі меймандарға музейде экс­курсия жүргізілді. Президенттер Александр және XVIII ғасырдағы Франция өнері залдарында орналасқан танымал көрме­лерді тамашалады. Әсіресе, «Алтын көмбе» бірегей коллекциясындағы бағалы метал­дардан құйылған археологиялық жәдігер­лер, тарихи Пикет және Герб залдарының интерьері ерекше қызығушылық тудырды. Меймандар бай қоры арқылы дүниежүзіне мәшһүр музейдің басқа да экспозиция­ларымен танысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. ТМД басшылары өзара ынтымақтастықтың негізгі даму бағдары мен қадамдарын талқылады. Сондай-ақ ұйым аясындағы ықпалдас­тықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.