Ауылдық жерлер жанданады

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл экономикасын дамыту, ауыл тұрғындарының табыстарын арттыру және тұрмысын жақсарту мәселесіне айрықша мән беріледі.

Осы орайда Батыс Қазақстан облысында аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің бастамасымен және облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің қолдауымен «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы қолға алынды.

Бұл жоба Ауылдық аумақтарды дамы­тудың 2023-2027 жылдарға арналған тұ­жырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – ауылдық жерлердің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды дамыту және азаматтарды ауылға көшуге ынталандыру. Сондай-ақ аудандарда көші-қон ағынын азайту, ауылдық жерлерде жұмыс күші тапшылығын жою және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселесіне де баса назар аударылды. Бұған қоса, шағын және орта бизнес субъ­ек­тілерінің санын арттыру, тұрақты жұ­мысы жоқ қала тұрғындары мен жас отба­сылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Осылайша, жоба басталғаннан бері ауылдарға барлығы 203 отбасы, яғни 997 адам, оның ішінде 623 бала көшіп келді. Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы жоба­ның жүйелі жүзеге асуына жан-жақты үлес қосуда. Атап айтқанда, партия қыз­мет­керлері жаңадан көшіп келген азамат­тарға қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, мал шаруашылығын қолға алуға мүмкіндік жасалып, мал басы беріледі. Жұмыссыз жүрген жандардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелерді шешу ісіне де атсалысуда. Ел азаматтарына аталған жоба туралы жан-жақты мәлімет беріп, қоғамдық қабылдауға келген әлеу­меттік жағдайы осал жандарға осы жоба жөнінде егжей-тегжей мәлімет ұсынады.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасының мәні мен маңызына тоқталды.

«2024 жылдан бері өңірімізде «Қала­дан – ауылға» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба – аса маңызды. Себебі білім ошақтары жабылып қалу қаупі бар ауылдардағы бала санын арттыруға, тұр­ақ­ты тұрғын үйі жоқ азаматтарға баспана берілуіне, сондай-ақ ауылдық елді мекен­дердің жандануына жол ашатын үлкен мүмкіндік пайда болды. Тың бастама ар­қы­лы жас отбасылардың жаңа өмір бас­тауына, өз ісін жолға қоюына және ауыл шаруа­шылығына немесе әлеуметтік сала­ларға үлес қосуына жағдай жасалды. Бү­гінде Батыс Қазақстан облысына қарасты ауылдардың басым көпшілігінде осы жоба арқылы тұрақты даму үрдісі қалыптасып келеді. Ауылдарға жаңа мамандар келіп, мектептердің, балабақшалардың, меди­циналық пункттердің жұмысы жандана түсті. Сондай-ақ шағын және орта кәсіп­керліктің көкжиегі кеңеюде. Ең бастысы – ауылдық жерлерде тұрғындар саны артып, бұрын құлдырай бастаған елді мекендер қайта жандануда», – деді ол.

Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Елнар ЕЛТАЙ