«Жекпе-жектің» жеңімпазы анықталды

«Жекпе-жек айтыс» мәресіне жетті. Жыр додасына қатысқан 16 ақынның ішінен суырылып шығып, үш айналымда да сүрінбеген үздіктер шешуші кезеңде жолықты. Нәтижесінде, бас жүлдені Айбек Қалиев ұтты. Финалист Еркебұлан Қайназарға 1-орын бұйырды.

Айтыс – нағыз сөз майданы. Төрт ай бойы көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Жекпе-жек айтыс» бағдарламасы өз үздігін анықтады. Тартысқа толы бәйгеде таңдаулы 16 ақын бақ сынады. Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов, Айбек Қалиев сынды тіс қаққан ақындар айтыстың деңгейін биіктете түсті. Додада оза шапқан қос ақын финалдың көркін қыздырды. Енді, міне көптен күткен сәт жеткенде торғайлық айтыскер суырылып шығып, бас жүлде – темір тұлпарды тақымына басты. Еркебұлан Қайназар 5 млн теңгені қанжығаға байлады.

– Осындай қуанышқа бөленіп жатырмыз. Биылғы жыл мен үшін өте сәтті жыл болды. Айтыс өнеріндегі шығармашылығымдағы соңғы жылым. Абыройдың биігімен айтыспен қоштасып жатырмын. Осы «Жекпе-жек айтыста» төл өнерімізді насихаттап ұйымдастырып жатқан жыршы-термешілер мен айтыскерлер халықаралық одағы, Жүрсін ағамыз бастаған, Аманжол ағамыз қостаған одаққа және осы «Жекпе-жек айтысқа» алаң беріп отырған «Хабар» арнасына, қазақ халқына көп-көп рақмет айтқым келеді, – деді «Жекпе-жек айтыс» жобасының жеңімпазы Айбек Қалиев. 

Бұл – «Хабар» арнасы мен айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы арасындағы әріптестіктің кезекті жемісті жобаларының бірі. «Жекпе-жек айтыс» 2004 жылдан бері айтыссүйер қауымды қуантып келеді. Биыл тележоба заманға сай жаңғыртылған нұсқада жарыққа шығып отыр.

Сүре айтыс, қайым айтыс шеберлері ой тұңғиығынан шыққан сөз маржандарынан кесте тікті. «Тыңдаған құлақтың құрышын қандырар келісті ұйқастар осы уақытқа дейін талай көрерменің көңілінен шықты», – дейді ұйымдастырушылар. Қазылар алқасы ұтқырлық пен ақындар тілге тиек еткен әлеуметтік жүктің салмағын да ескеріп, әділ бағасын берді. 

С.БАУЫРЖАНҚЫЗЫ