ERG мен Жапон ынтымақтастығы: Еліміз галлий өндірісі бойынша әлемде екінші орынға шықпақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға мемлекеттік сапары аясында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту және экономикалық, технологиялық ынтымақтастықты кеңейту бағытында бірқатар құжаттарға қол қойылған. Әсіресе, өндіріс және өнеркәсіп салаларына жаңа заманауи технологияларды енгізу жөніндегі келісімшарттар сәтімен жүзеге асты.

Eurasian Resources Group (ERG) Hitachi және Mitsui конгламераттарымен өзара түсіністік пен серіктестік туралы меморандумдар жасасты. Келісімдер озық технологиялар мен шешімдерді әзірлеу мен енгізу, декарбонизация және «жасыл» экономиканы дамыту жоба­ларын іске асыру, өндіріс қуатын жаң­ғырту мен жоғарытехнологиялық жет­кізілімдер тізбегін дамыту сынды бірқатар ілкімді салаларды қамтиды. 

ERG мен Mitsui & Co., Ltd. арасын­дағы меморандум бизнес мүмкіндіктерді бірлесіп зерттеу мен кең ауқымды ба­ғыт­тар бойынша бастамаларды пысықтау, соның ішінде тау-кен байыту және металлургиялық жабдық­тарды модер­низациялау мүмкіндіктерін іздестіруге бағытталған. Келіссөз бары­сында ор­нық­ты даму мен терең өңделген өнімдер шығару жайы да қамтылды. Атап айт­қанда, ауыр тау-кен техникаларын эл­ектрлі ету және күйдіру машиналарын жаңғырту арқылы олардың көміртегі ізін төмендету қарастырылды. 

Сонымен қатар ERG мен Hitachi Construction Machinery арасындағы мем­оран­дум перспективалық жобаларды бір­лесе зерттеуді қарастырады. Бірінші кезекте карьерлерде кеңінен қолданы­латын Hitachi EH4000 көлігінің күш қон­­дырғыларын гибридті тәртіпте пай­да­лану үшін моди­фи­к­ациялау, ERG-дегі тау-кен жабдық­тары жұмысының тұрақ­тылығын арттыру қамында жасанды интеллект сынды цифр­лық техно­ло­гия­ларды пайдалану мүм­кіндіктерін қарас­тыратын болады. Тараптар халықаралық нарықтарға көмір­тегі ізі төмен өнім­дер­дің жеткізілімдерін зер­делеуге, жеткізу тізбектерін жетілдіру­ге, минералды рес­урстарды сату мен қой­ма, кеден және тасымал инфрақұрылымын қамдаудағы ұзақмерзімді шешімдерді бірлесе зерде­леуге уағдаласты. Қол қой­ыл­ған бұл меморандумдар технология­лық серік­тестікті нығайту мүмкіндіктеріне жол ашты. Заманауи инженерлік шешім­дерді тарту және өнеркәсіп пен энерго­тиім­ділік саласындағы жапонның озық тәжіри­белері қолжетімді болады. 

Кездесулер барысында қол жеткен нәтижелер жайлы ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, Бас директоры Шух­рат Ибрагимов:

– Бұл келісімдер ERG дамуының жаңа тармағының бастауы болады. Жет­екші жапон компанияларымен серік­тестік технологиялық модернизацияның қар­қынын үдетіп, экологиялық таза шешім­дерді енгізіп, қазақстандық өн­діріс­тің потенциалын кеңейтуге жол ашты. Біз бұл жерде тек Топ кәсіпор­ында­рына ғана емес, жалпы бүтін бір сала мен ел эконо-мика­сына сүбелі үлес қосатын бастамалар кө­ріп отырмыз. Бүгін қол қойылған меморандумдар Мемлекет басшысының Жол­дауында айқындалған басым бағыт­тар – ерекше маңызды салаларды дамыту, елдің өнеркәсіптік егемендігін нығайту, заманауи әрі жо­ғары технологиялық өнді­рістерге көшу тапсырмаларына сай. Біз жапондық серіктестермен бірлескен жобалар ұзақмерзімді, орнықты нәтижелер бер­еріне сенімдіміз, – деді. 

ERG халықаралық серіктестермен өндіріс процестерін трансформациялауға бағытталған, көміртегі ізі мен маңызды ресурстардың халықаралық нарық­тар­ындағы Қазақстанның позициясын ны­ғайта түсуге бағытталған бірлескен жұ­мыс­ты жалғастырып келеді. Әсіресе, Қазақ­станның галлий өндірісі бойынша әлемде екінші орынға шығуына мүмкін­дігі мол. Президент Жапонияға мемле­кет­тік сапары аясында Eurasian Resources Group (ERG) пен Mitsubishi Corporation RtM Japan Ltd. компаниялары галлий жеткізілімдеріне қатысты келі­сім­шартқа қол қойды. Бұл стратегиялық металл электроника және жоғары технологиялар саласында үлкен сұран­ыс­қа ие. Яғни, ERG мен Mitsubishi Co­rpo­ration RtM Japan Ltd галлий жеткі­зілімдеріне қатысты ұзақмерзімді келі­сім­шарт нәтижесінде Қазақстанның бай кен қорларын тиімді пайдалана отырып, Жапонияның озық технологияларын енгізу жоспарлануда. Топ маңызды минералдар саласындағы осы негізгі жобаны жүзеге асырғанда, ол Қазақ­станның әлемдік галлий өндірісінде екінші орынға шығуына сеп болмақ. 

«Қазақстан алюминийі» АҚ Павло­дар алюминий зауытындағы өндірістік ері­тін­ділерден галлий өндіру техноло­гиясы – ERG Research and Development компания­сының өз әзірлемесі саналады. Таңдалған бұл технология негізгі өнім – глиноземнің (бастапқы алюминий тоты­ғы) сапасын арттыруға септігін тигізіп отыр. Әрі ері­тін­діден құрамында бас­тапқы алюминий тотығы төмен, страте­гия­лық тұрғыда жо­ғары сапалы металл алынады. Галлий өндіретін учаске құры­лысына құйылған инвестиция көлемі 12,5 млрд теңгеден асып, 70 жұмыс орны құрылмақ. 

Жаңа өндірісте жылына 15 тонна гал­лий алу көзделген. Алғашқы өнім 2026 жылдың үшінші тоқсанында қолға тимек. ERG бұл жобаны сәтті іске асыр­са, Қазақстан галлий өндіру көлемі бой­ынша әлемде екінші орынға шыға алады.

– Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы сирек кездесетін мет­ал­дар мен аса маңызды минерал­дардың маңызын баса айтып, олардың әлемдік өндіріс және сауда тізбектеріне еніп, орны­ғу қажет деді. Галлий заманауи тех­но­логиялар, әсіресе электроникада кеңі­нен қолданылатын ерекше маңызды металл қатарына кіреді. Біздің жобамыз Президент жүктеген тапсырмаға сай. Галлий өндірісін іске қосып, Mitsubishi Corporation RtM Japan Ltd-ге жеткізу отандық кәсіпорындарды дамытып, стра­тегиялық ресурстарды бәсекеге қабілетті өнімге айналдыра отырып, Қазақстанның жоғары технологиялық материалдар на­рығындағы позиция­ларын нығайта ала­ты­нын көрсетті, – деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы әрі Бас директоры Шухрат Ибрагимов.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ