«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен өткен комиссияның көшпелі отырысына «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов, Уәлихан Рахиев, Жәнібек Сүлейменов, Нұржан Аширов, Жомарт Әбдібаев, облыстық Жер қатынастары басқармасының, өңірлік Жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудан прокурорының орынбасары Берік Садыхов, аудан әкімдігінін жауапты қызметкерлері, партия өкілдері қатысты.
Көшпелі форматта өтіп жатқан мәжілістің маңыздылығына тоқталған Алтынсары Дүйсенбекұлы Мемлекет басшысының Жолдауында жерді ретке келтіруге қатысты нақты талап қойылғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек», – деді. «Жер аманты» жобасының аясында 2022-2025 жылдар аралығында облысымызда 1,5 млн гектардан астам жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал 2025 жылдың қорытындысымен 120 пайызға орындалды. Түркістан облыстық прокуратурасы тарапынан жүргізілген тексерулердің нәтижесі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланғаны белгілі. Соның ішінде Сарыағаш ауданы бойынша 7 ауылдық округ әкімдерінің 2023-2025 жылдар аралығында жер бойынша қабылдаған кейбір шешімдері заңсыз екені анықталған. Осы мәселеге байланысты «Жер аманаты» комиссиясының көшпелі отырысын Сарыағаш ауданында өткізіп, жер ресурстарын басқару бойынша жергілікті атқарушы органның есебін тыңдау, аудандық прокуратураның заңбұзушылықтарды анықтаудағы жұмысын бағамдау және комиссия тарапынан тиісті ұсыныстар беру ұйғарылды, – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Мәжілістің күн тәртібінде қаралған «Жер аманаты» партиялық жобасы бойынша 2022-2025 жылдар аралығында қайтарылған жер телімдерін қайта бөлу жұмыстары туралы Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың есебі тыңдалды. Аудан басшысы Сарыағаш ауданының аумағы барлығы 417 243 гектарды құрайтынын, оның ішінде 92 946 гектары – егістік, 2 586 гектары – көпжылдық бау-жүзімдік, 9 185 гектары – тыңайған, 1 550 гектары – шабындық және 285 941 гектары жайылым жер екенін айтты.
– Биыл Сарыағаш аудандық мәслихатының шешімімен аудандағы жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған жоспар бекітілді. Аудан бойынша 59 185 бас – ірі қара, 19 016 бас – жылқы, 414 298 бас – уақ мал, 120 түйе, барлығы 492 499 бас мал үшін 285 941 гектар жайылым жер қарастырылды. Жүргізілген талдауларға сәйкес, жайылым жерлерді қажет ететін мал басына шаққанда жалпы көлемі 957 361 гектар жайылым жер жеткіліксіз екені анықталды. Биыл аудан аумағындағы жайылым жерлерге түгендеу жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, мал басы тіркелмеген жайылым жерлері бар 126 жер пайдаланушы анықталды. Олардың иелігіндегі жалпы жер көлемі 19 738 гектарды құрайды, оның 12 210 гектары ауданның арнайы жер қорына қайтарып алынды, – деді өз есебінде Арман Айдарұлы.
Аудан әкімі пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ауданның арнайы жер қорына енгізу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін, жерлерді қайтарып алу бойынша жыл сайын бекітілген жоспарлы көрсеткіштер орындалып жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, бұл бағытта 2022 жылы 9 жеке жер пайдаланушылар мен заңды тұлғалардан барлығы 26 257 гектар жер қайтарылса, 2023 жылы 12 жер пайдаланушы жеке және заңды тұлғалардан жалпы көлемі 22 313 гектар жер қайтарылып, ауданның арнайы жер қорына өткізілген. 2024 жылы 17 жеке және заңды тұлғаның 3 907,16 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері ауданның арнайы жер қорына қайтарылып алынса, 2025 жылы 9 шаруа қожалық пен 11 заңды тұлғаның 12 210 гектар жері ауданның арнайы жер қорына алынған.
Қайтарып алынған жерлердің есебінен 2022 жылы Дербісек ауылдық округі аумағынан жалпы алаңы 200,64 гектар жайылым жер учаскесі, Дарбаза ауылдық округі аумағынан жалпы көлемі 580,10 жайылым жер учаскесі ортақ жайылым жерлер ретінде тұрақты пайдалануға бекітіліп берілген. Сонымен қатар Сарыағаш ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихаттың бірлескен шешімімен Жылға ауылдық округінің Қарақалпақ елді мекеніне 759,41 гектар жайылым жер учаскесі және Тегісшіл ауылдық округінің Мәдениет елді мекеніне 1 277,28 гектар жайылым жер учаскесі, барлығы 2 036,69 гектар жайылым жер учаскесі ортақ мал жайылым ретінде елді мекендердің шегіне енгізілген. Бұл жұмыстар 2023 жылы жалғасын тауып, Жібек жолы ауылдық округі аумағынан 135,20 гектар жайылым жер учаскесі ортақ жайылымға тұрақты пайдалануға берілген.
Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру бойынша 2022 жылы конкурс өткізіліп, 28 жер пайдаланушыға 149 гектар суармалы егістік жер учаскесі өтеулі уақытша пайдалануға жалға берілген. Дәл осы мазмұдағы конкурс биыл да өткізіліп, оның нәтижесімен 13,0 гектар суармалы егістік жер учаскесі жер пайдаланушыға жалға берілген.
Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы жерлерінің конкурсына аудан аумағынан 14 жер учаскесі ұсынылып отыр. Бұл жер учаскелерінің жалпы алаңы 676,0 гектар жерді құрайды, оның ішінде 22,0 гектар суармалы егістік болса, 130,0 гектар суарылмайтын тәлімі егістік жерлер болып табылады және 524,0 гектар жайылым жер учаскесі болып отыр. Конкурстарды өткізу мерзімі 2026 жылға белгіленген.
Ауданда жер заңнамасының сақталуы, Жер кодексі талаптарының орындалуы туралы Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары Берік Садыховтың хабарламасы тыңдалып, анықталған заңбұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актілерін енгізу, заңсыздықтың алдын алуға арналған жұмыстар, құқықбұзушылықтың туындауына себеп болған жағдайларды жоюға бағытталған шаралар туралы ақпарат берілді.
– Прокуратура органдарының басты мақсаты – жер заңнамасының бұзылуына жол бермеу, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау және жер ресурстарын тиімді әрі мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету. Бұл ретте аудан аумағында жер учаскелерін беру, пайдалану және иеліктен шығару кезінде заң талаптарының сақталуына талдау жасалып, тәуекелі жоғары салаларға ерекше назар аударылуда. Осы бағытта аудан прокуратурасы Жер кодексі талаптарының орындалуына тұрақты түрде қадағалау жүргізіп, жер мәселесіне қатысты заңсыздықтардың алдын алу бойынша кешенді профилактикалық жұмыстарды жүзеге асырып келеді, – деді Берік Бақытжанұлы.
Комиссия отырысы барысында «Саякент» шағынауданына қарасты жер телімдерінің мәселесі, облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, Сарыағаш қаласының аумағында және Жібек жолы, Қапланбек ауылдық округтерінде жер түгендеу жұмыстарына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Комиссия мүшелері Жер кодексінің кейбір талаптарына өзгерістер енгізу мәселесін көтеріп, тиісті ұсыныс республикалық «Жер аманаты» комиссиясына жолданатын болды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша, қабылданған шешім жобасын облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев таныстырып өтті. Осы құжатқа сәйкес, Сарыағаш аудандық жер комиссиясының құрамы қайта қаралатын болды. Түркістан облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті «Саякент» шағынауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысына табысталған жер телімдерінің шекаралық қорғау аймағының заң талаптарының сәйкестігіне тексеру жүргізеді деп шешілді. Комиссия шешімінің орындалуына партияның Түркістан облыстық филиалы бақылау жүргізетін болады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы