Елімізде 8 мыңға жуық мәдениет ұйымында 58 мыңнан астам маман қызмет етіп жатыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, мәдениеттің дамуы ең алдымен инфрақұрылымнан басталған.
«Құрметті достар, мәдениет ұлт болмысының айнасы және болашаққа бағдар болатын стратегиялық маңызы зор сала. Бүгінде 8 мыңға жуық мәдениет ұйымында 58 мыңнан астам маман қызмет етеді. Біз үшін ел мәдениетін дамуына атсалысып жүрген барша әріптестердің еңбегі ерен, қызметі бағалы. Сондықтан мемлекет тарапынан сала мамандарының еңбегі ескеріліп, лайықты қолдау көрсетіліп келеді.
Мәдениеттің дамуы ең алдымен инфрақұрылымнан басталады. Биыл өңірлерде 61 мәдени нысанның құрылысы аяқталып, 251 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Елорда тарихын зерттеудің маңызды орталығына айналатын Бозоқ археологиялық паркін құру жұмысы жалғасып жатыр. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бас корпусы қайта жаңарды. Ал Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына арналған жаңа жатақхана құрылысы басталды», – деді Аида Балаева.
Сонымен қатар министр Мемлекет басшысы өңірлік театрды дамытуды ерекше атағанын сөз етіп, осыған байланысты мәдени нысандардың қолға алынғанын айтты.
– Астана қаласындағы Жастар театры ғимараты жөнделмек, сондай-ақ Қуыршақ театрына жаңа ғимарат салыну мәселесі қарастырылып отыр. Алдағы жылдары Семей, Қонаев, Ақтөбе қалаларында жаңа драма театрлары бой көтерілмек, – дейді Аида Балаева.