Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қостанай облысында 2024 жылы «KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 45 мың тонна құймалы өнім шығару қуаты бар, құны 78,2 млрд теңге болатын шойын құю зауыты іске қосылды. Кәсіпорында 500 жұмыс орны ашылды. Зауыт машина жасау және металлургия кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ететін өңірдің индустриялық кешенінің негізгі жобаларының бірі. Жоба сонымен қатар инженерлер, логистик мамандар және IT-мамандарға сұранысты арттырып, ілеспе салалардың дамуына серпін береді.
Қостанай облысында биылғы жылы машина жасау саласында жалпы сомасы 312,1 млрд теңге болатын бес ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде басты жоба – осы жылғы қазанда пайдалануға енгізілген KIA зауытының құрылысы, құны 131,5 млрд теңге, жылына 70 мыңға дейін автомобиль шығару қуатына ие болады. Кәсіпорында 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады, олардың көбін облыстың колледждері мен университеттерін бітірген жастар алады. Жобаларды іске асыру өңдеуші өнеркәсіп көлемдерін 46,5%-ке арттыруға мүмкіндік береді және Қостанай облысының экономикалық өсімінің маңызды драйвері болады.