Атырауда Балықшы шағынауданында әйелдің өліміне қатысты резонанс тудырған іс бойынша үкім шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайғылы оқиға 18 тамыз күні қаладағы пәтерлердің бірінде болған.
Сот анықтағандай, 41 жастағы ер адам сол күні алкогольдік ішімдік ішкен. Үйіне оралған соң ол әйелін қызғанып, телефонын тексеріп, жанжал шығарған. Әйел жанжалдан қашу үшін басқа бөлмеге кетіп, ұйықтап қалған.
Кейін ер адам ас үйге барып, оқтауды алып, қайта оралып, ұйықтап жатқан әйелінің басынан бірнеше рет ұрған. Алған ауыр жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмды.
Қылмыстық істі Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сотталушы кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеу үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот отырысы барысында ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, марқұмның туыстары мен өзінің екі кәмелетке толмаған баласынан кешірім сұрады.
Баян Жанұзақова