2026 жылдан бастап бизнестегілердің шоты қай кезде бұғатталатыны белгілі болды

Министрдің айтуынша, бұған дейін әлеуметтік төлемдер бойынша нақты шек болмаған, сондықтан салық органдары шоттарды тіпті 5-10 мың теңге берешек үшін де бұғаттай алатын.

2026 жылдан бастап шағын және микробизнес субъектілерінің шоттары қандай сомаға салық берешегі болған жағдайда бұғатталатыны белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бұған дейін әлеуметтік төлемдер бойынша нақты шек болмаған, сондықтан салық органдары шоттарды тіпті 5-10 мың теңге берешек үшін де бұғаттай алатын. Енді Үкімет ұсақ қарыздар үшін бизнеске қысым жасамау туралы шешім қабылдаған.

2026 жылдан бастап жаңа шектер енгізіледі:

- 87 000 теңгеге дейін (20 АЕК) – тек хабарлама жіберіледі, ешқандай бұғаттау болмайды, тек өсімпұл есептеледі;

- 87 000 – 195 000 теңге аралығы (20–45 АЕК) – хабарлама жіберіледі, қарыз өтелмеген жағдайда, берешек сомасы шегінде шығыс операциялары уақытша тоқтатылады, тек содан кейін инкассо өкімдері қолданылады;

- 195 000 теңгеден жоғары (45 АЕК-тен аса) – мүлікті тізімдеу және сату, дебиторлық берешек есебінен өндіріп алу сияқты қатаң шаралар қолданылады.

Сонымен қатар әлеуметтік төлемдер бойынша шек 26 000 теңгеге (6 АЕК) дейін көтерілмек.