Қарағанды облысында 72 жастағы қария көлігінен өлі күйінде табылды. Жоғалған малын іздеп шыққан ауыл тұрғыны далада, өз көлігінің ішінде көз жұмған, - деп хабарлайды Aikyn.kz КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Зейнеткер бес күн бойы іздеуде болған. Марқұм 18 желтоқсан күні Ағадыр кентінен жол талғамайтын көлігімен мал іздеуге шыққан. Алайда оның жоғалғанын жақындары тек 2 күн өткен соң білген.
Қарияны іздеу жұмыстарына екі дрон мен спутниктік байланыс құралдары тартылды. Кеше күндіз шамамен сағат 11:00-де полиция қызметкерлері зейнеткерге тиесілі автокөлікті анықтады.
Көлік Ағадыр кентінен шамамен 35 шақырым қашықта, Ортау ауылы бағытына қарай, таулы аймақтағы дала жолында тұрған.
– Автокөлік қарға көміліп қалған, салонын қарағанда жүргізуші орындығында ер адамның денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр, – дейді Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.