Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының көрмесін аралап көрді

8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 100-ден астам жобаны іске қосу жоспарланып отыр

Президент Астананың №1 Индустриалдық паркінде орналасқан бірқатар кәсіпорынның қызметімен танысты, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа винилді гипсокартон панелін шығаратын «Гипсовинил», өрт дабылдары, бейнекамералар мен домофондар өндіретін QR Systems зауыттарының өнімдері көрсетілді. Сондай-ақ көрмеде «Астана электротехника зауытының», «Арыстан» Астана құбыр зауытының, құрылыс және жол химиясына маманданған ARGP кәсіпорнының қызметі жөнінде мағлұматтар ұсынылған.

Бұдан бөлек, Президентке мемлекет-жекеменшік серіктестік қағидаты бойынша пайдалануға берілетін №2 Индустриалдық паркінің даму перспективасы жайында баяндалды. Аталған алаңда жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын және 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 100-ден астам жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар логистикалық инфрақұрылымды ілгерілету бағытында белсенді жұмыс атқарылуда. Соның ішінде «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағында логистикалық парк құрылатын болады. Астананың жалпыұлттық пулы аясында 1,9 миллион теңгеге 120 жоба жүзеге асырылады. Осы арқылы 22 мыңға тарта жұмыс орнын ашу көзделген.