Қасым-Жомарт Тоқаев елордада жол-көлік оқиғаларының көбейгеніне алаңдаушылық білдірді

Бұл туралы Ақорда ресми хабарлады.

Астанада қарқынды құрылыс пен көлік санының артуы қала инфрақұрылымына ғана емес, ең алдымен тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіріп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Жалпы, қалада құрылыс өте көп. Көлік саны да аз емес. Бұл жағдай, бір жағынан, тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатыр.

Биылғы 11 айда Астанада жол-көлік оқиғасынан 675 бала зардап шеккен, бес бала қаза болған.

Жұрт үйлердің арасында жаяу жүргіншілер жолағы, жылдамдықты шектеу белгілері жоқ деп шағым айтады. Мұның қандай себеппен болып жатқанын ешкім білмейді.

Ауланы жарықтандыру мәселесі де өзекті. Мен өзім бұл мәселеге баса назар аударып отырмын.

Әсіресе, тұрғын үйлер және білім беру мекемелерінің маңындағы жүк көліктерінің қозғалысын реттеу қажет.

Шешілмей жатқан тағы бір мәселе – көлік тұрақтарының жетіспеушілігі. Бұл мәселені ретке келтіретін кез келді. Шетелдің озық тәжірибесін қолдану керек. Мысалы, көпқабатты тұрақтар салуға болады», – дейді Президент.