Ерлан Әбдиев: 70-тен астам диагноз бойынша мүгедектік алу тәртібі жеңілдеді

Кеңес төрағасының орынбасары Ерлан Әбдиевтің айтуынша, мүгедектігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту мәселесі республикалық кеңестің үнемі басты назарында.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Ерлан Әбдиев биыл кеңес жұмысы нақты нәтижелермен толыққанын айтты. Жыл басынан бес отырыс өтіп, инклюзивті білім беру, медициналық және әлеуметтік қолдау, қолжетімді орта қалыптастыру және мүгедектікті проактивті анықтау сияқты өзекті мәселелер қаралып, нәтижесінде мемлекеттік органдарға 22-ден астам ұсыныс жолданған, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кеңес Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мүгедектігі бар адамдарды жан-жақты қолдау туралы тапсырмасы аясында кедергісіз орта құру, мүгедектігі бар қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Кеңес төрағасының орынбасары Ерлан Әбдиевтің айтуынша, мүгедектігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту мәселесі республикалық кеңестің үнемі басты назарында.

– Қолжетімді орта құру мәселесі бойынша оң нәтижелерге қол жеткіздік. Эксперт-аудитор қызметі пайда болды. Соның аясында Құрылыс кодексіне ұсыныстар бере отырып, өзгерістер енгіздік. Енді алдағы уақытта да бұл жұмыс жалғасын тауып, кедергісіз ортаны құру бағытында бұдан да ауқымды шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. 

Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасы аясында мүгедектікті проактивті сырттай орнату тетігі енгізілді. Аталған мәселе Кеңестің соңғы отырысында қаралған болатын. Қазірдің өзінде 70-тен астам диагноз бойынша мүгедектікті проактивті форматта белгілеу тәртібі оңтайландырылды. Бұрын мүгедектігі бар адамдар мекеме аралап, көзге көрініп тұрса да мүгедектігін дәлелдеу үшін бірнеше қайтара тексерістен өтуге мәжбүр болатын. Енді осы өзгерістің нәтижесінде тізімге енген диагноздары бар азаматтар тек бір рет тексерістен өтіп, мемлекеттік органдар оларға өмірлік мүгедектік тағайындайды, - деп нақтылады Ерлан Әбдиев.

Айта кетейік, биыл «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 4,1 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 62,2 мыңға жуық адам қамтылған.