«Жұмысшы мамандықтары жылының» қорытынды жиынында еңбек адамдарын марапаттады

Іс-шара барысында өз ісіне адал азаматтардың ел игілігі жолындағы еңбегі еленіп, марапат биігінен көрінді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Бүгін Астана қаласында межелі мерзімде атқарылған ауқымды жұмыс қорытындыланған алқалы жиын өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара барысында өз ісіне адал азаматтардың ел игілігі жолындағы еңбегі еленіп, марапат биігінен көрінді.

Форумға Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «AMАNAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысты. Сондай-ақ, жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, «AMANAT» партиясының мүшелері, ірі кәсіпорындар қызметкерлері, сондай-ақ түрлі салада еңбек етіп жүрген үздік жұмысшы мамандық иелері қатысты. Іс-шарада жалпы саны 600 адам бас қосты.

Салтанатты жиын барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбек культін орнықтыру, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру саясатын жүйелі түрде жүргізіп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы биыл кәсіби мерекелер аясында энергетиктерді, құтқарушыларды, мұғалімдерді, мұнайшыларды, дәрігерлерді, су шаруашылығы саласының қызметкерлерін, ауыл шаруашылығы мамандарын Ақордада арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Жалпы, осы жылы Президент Жарлығымен 1300-ге жуық жұмысшы мамандықтар өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды. Осының барлығы еселі еңбекті қадірлеуге бағытталған маңызды қадамдар. Бұл – еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басты назарында деген сөз», – деді ол.

Ерлан Қарин еңбекті қадірлеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жұмысшы жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін айтты.

«Жұмысшы мамандықтары жылы» біздің қоғам еңбекті ерекше қадірлейтінін көрсетті. Халық арасында елге нақты пайда әкелетін адамдар құрметті, сыйлы екенін байқатты. Кәсіби мамандарды дәріптеу алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса бермек», – деді Мемлекеттік кеңесші.

Бұл ретте Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Жұмысшы мамандықтары жылы» ұзақ мерзімді стратегиялық маңызы зор бастамаға айналатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл стратегия маңызды бағыттарының бірі – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту. Биыл қолға алынған барлық институционалдық бастама алдағы бес жылда жалғасын табады.

«Жыл бойы жұмысшы мамандардың беделін арттыруға, кадр даярлау жүйесін дамытуға, білім беру мен экономикалық сектордың арасындағы байланысты нығайтуға ерекше назар аударылды. Бүгінде ел экономикасында жұмыспен қамтылған 3,3 миллион адам жұмысшы мамандықтары бойынша еңбек етуде. Олар екі мыңға жуық түрлі техникалық кәсіптерді қамтып отыр. Ал еңбекпен қамтылған жастардың саны 1,2 миллионға жетті. Жұмысшы кәсіптердің ішінде кең танымал мамандар бар. Мәселен, 57 мың ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын фермер, 25 мыңнан астам дәнекерлеуші, 16 мың автокөлік құралдарын жөндеуші және слесарь – бұл бір бөлігі ғана. Биыл 4 мыңға жуық кәсіпорын жас азаматтарға арналған ашық есік күндерін өткізді. Оған 113 мыңнан астам оқушы мен студент қатысты. Жастар кәсіби өсуіне және еңбекті құрметтеуге жол ашатын жұмысшы мамандықтарды белсенді түрде танып келеді», – деді ол.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек биыл партия жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, жастарды осы салаға тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізгенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауының маңызы зор. Бүгінде қоғамда еңбек адамының беделі артып, жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Ел дамуының қозғаушы күшіне айналып, адал еңбек етіп жүрген азаматтарға қолдау көрсету  – «AMANAT» партиясының негізгі ұстанымдарының бірі.  Кейінгі үш жылда партия «Еңбек адамы» жобасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Биыл ұйымдастырылған іс-шаралардың басым бөлігі жұмысшы мамандық иелеріне арналды. Еңбек адамына деген құрмет, жұмысшы мамандықтарға деген қолдау алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді ол.

«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «AMANAT» партиясы 150-ге жуық еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Бұған қоса 20-ға жуық жұмысшы жастар форумын ұйымдастырып, еліміздің 20 өңірінде 20 000 азаматтың жұмысқа орналасуына мүмкіндік берген бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін қолға алды. Сонымен қатар партия Үкіметпен бірлесіп, жұмысшы жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және олардың кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды «Жұмысшы жастар аманаты» жобасын іске қосты. Жиын барысында осы жобаға белсенді қатысқан өңірлік жастар марапатталды.

Іс-шара соңында жұмысшы мамандықтарының үздік өкілдері және «Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, «Құрмет» ордені, III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан еңбек адамына «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Ал «Ерлік пен еңбек дастаны» конкурсының жеңімпаздары ақшалай сертификаттарға ие болды.