Халық сеніміне серпін берген жоба

Сыр өңірінде «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде Қызылорда командасы жоғары жауапкершілік пен белсенділік танытып, республика көлемінде үздік нәтиже көрсете білді.

Негізінен, «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы – ха­лық­тың қаржылық сауаттылығын арт­тыру­ға, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға ба­ғытталған маңызды бастама. Жоба шең­берінде елдің банктерге еселенген бере­ше­гін еңсеріп, қаржылық сауаттылығын арт­тыру­ға сеп болуда. Бұл тұрғыда арнайы ма­­­мандардың азаматтарға тегін кеңес беру,  қар­жылық қиындықтарды еңсеруге көмек көр­сету бағытында атқарған жұмыстары ұшан-теңіз.  Соған орай, партияның облыс­тық филиалының төрағасы Жандос Базар­тай жобаны іске асыру аясында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша ау­қымды жұмыс жүргізуге атсалысқан аза­маттармен кездесу өткізді.

Жалпы, биылғы жылға  «Қарызсыз қо­ғам» жобасы аясында Қы­зыл­ордада 22 800 азаматқа қызмет көрсету көз­делген. Алайда ауқымды жұмыстар жүр­гізу барысында бұл меже 152,4 пайызға ар­­­­тығымен орындалған. Нәтижесінде, 34 755 азамат қаржылық сауаттылығын арт­ты­рып отыр.  

«Мемлекет басшысы өз Жолдауларында атап көрсеткендей, елімізде екпін алған бі­­ре­гей бастама биыл да жарасымды жал­ға­сын тауып, ауқымды шаруа атқарылды. Жа­қында Астана қаласында жобаның жыл­дық нәтижесі қорытындыланды. Жиын­ға партия Төрағасы Ерлан Қошанов арнайы қатысып, «Қарызсыз қоғам» құруға белсене атсалысып жүрген азаматтарға ризашылық білдірді. Осы орайда жобаны жүзеге асыруға атсалысқан азаматтар  жоспарды орындап қана қоймай, халықтың қиындықтан жол тауып шығуына оң ықпал жасап, үлкен үлес қос­қанын айтқым келеді. Осының негізінде қан­шама отбасы қаржылық тығырықтан шы­ғуға мүмкіндік алып,  өз болашағына се­німмен қарай бастады. Бұл – қажырлы ең­бектің шынайы жемісі, халықтың риза­шы­лығы мен алғысына лайық іс», – деді пар­тияның облыстық филиалының төраға­сы Жандос Базартай.

Негізінен, «AMANAT» партиясының бас­­та­масымен қолға алынған бірегей жоба өңір­де осымен үшінші жыл қатарынан жүр­гізіліп келеді. Баянды бастама алғашында 8 өңірде  пилоттық жоба ретінде іске қосыл­ған болатын. Аз уақыттың ішінде бастама өз тиімділігін көрсетіп, Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен еліміздің барлық өңі­рінде іске қосуға шешім қабылданғаны мәлім.   

Өткен 2024 жылы Қызылорда об­лы­сы бойынша аталмыш жобаны жү­зе­ге асыруда 5 сарапшы жұмыс жүргізіп, 11 300 азаматтың  оқып, қаржылық сауат­ты­лығын арттыруға өз үлесін қосқан.  

Ал биылдан бастап жобаның форматы өз­гергені белгілі. Соның негізінде банктерге бе­решегі 90 күннен асып,  несиесін белгілі се­­бептермен төлей алмай жүрген азамат­тар­ды оқытуға шешім қабылданған. Сол сияқ­ты биылғы жылдың 1 маусымына дейін азаматтарды оқыту  оффлайн жүргізілсе,  одан кейін онлайн форматқа ауысты­рыл­ғаны жария болды. Бұл бірінші кезекте аза­маттардың онлайн оқуға деген өз талабы бойынша қабылданған шешім екені түсін­дірілді. 

Жалпы, партия филиалында өткен кез­десу­де осы сияқты жоба шеңберінде атқа­рыл­ған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңі­нен баяндалды. Өз кезегінде жоба қатысушыларына халыққа тегін құқықтық көмек көрсетудегі кәсібилігімен жоғары жауап­кершілігі үшін «AMANAT» партия­сы­ның Төрағасы Ерлан Қошановтың ал­ғыс­хаты табысталды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы