Бұл – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айғақтайтын маңызды белес.
Салтанатты шараға колледж басшылығы, халықаралық сарапшылар, тәжірибелі оқытушылар, әлеуметтік серіктестер мен студенттер қатысты. Рәсім барысында аккредитация нәтижелері жарияланып, халықаралық стандарттарға толық сәйкес деп танылған білім беру бағдарламалары таныстырылды. Қатысушылар бұл жетістікті отандық білім беру кеңістігіндегі зор серпіліс ретінде бағалады.
City & Guilds – жүзден астам елде мойындалған, кәсіби біліктілік пен дағдыны бағалаудың жаһандық эталоны саналатын ұйым. Ол 28 сала бойынша 500-ден астам мамандықты қамтиды. Мұндай беделді аккредитациядан өту колледждегі білім беру жүйесінің заман талабына сай екенін ғана емес, даярланып жатқан мамандардың халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие болатынын білдіреді.
Жиында халықаралық сарапшылар колледждің материалдық-техникалық базасына, оқу зертханалары мен өндірістік шеберханаларына, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және білім беру процесіне енгізілген инновациялық технологияларға жан-жақты баға берді. Сонымен қатар оқытушылар құрамының кәсіби деңгейі мен студенттердің практикалық даярлығы да басты назарда болды.
Сараптама қорытындысы бойынша колледждің заманауи инфрақұрылымға ие екені, сапа менеджменті жүйесінің тиімді жұмыс істейтіні және студентке бағытталған оқыту ортасы қалыптасқаны атап өтілді. Халықаралық стандарттармен салыстырылған оқу бағдарламаларының толық сәйкестігі ресми түрде расталды. City & Guilds сертификаты – студенттер үшін шекарасыз мүмкіндіктерге жол ашатын құжат. Бұл сертификат түлектердің кәсіби құзыреттілігін әлемнің кез келген елінде мойындатып, халықаралық компанияларда еңбек етуіне мүмкіндік береді. Ең бастысы, ол жас мамандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады.
Колледж басшылығы бұл жетістікті жаңа бастамалардың бастауы деп санайды. Алдағы уақытта халықаралық білім беру тәжірибелерін енгізу, шетелдік оқу орындарымен және өндіріс орындарымен әріптестікті кеңейту көзделген. Дуалды оқыту, жаңа бағдарламалар мен тәжірибе алмасу жобалары осы мақсатқа қызмет етпек. Бұл табыс – ұстаздардың жанқиярлық еңбегінің нәтижесі. Халықаралық сарапшылар колледж оқытушыларының кәсіби шеберлігі мен жаңашылдығын ерекше атап өтті.
City & Guilds халықаралық аккредитациясы – бір колледждің ғана жетістігі емес, бұл – Қазақстанның техникалық білім беру жүйесінің әлемдік кеңістікке нық қадам басқанының айқын көрінісі. Елордадағы бұл тәжірибе басқа оқу орындарына да үлгі болары сөзсіз.
А.СҰЛТАН