"1,5 миллион доллар": Жәнібек Әлімханұлы спорттық мансабында қанша табыс тапқанын айтты

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.

Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған  Жәнібек Әлімханұлы кәсіби мансабында шамамен 1,5 миллион АҚШ доллар табыс тапқан,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ол соның 11-ін нокаутпен аяқтаған.

Жәнібектің байлыққа апарар жолы біртіндеп болды. Оның табысы белбеуінің санына пропорционалды түрде өсті. Бүгінде оның жалпы табысы шамамен 4,5-5 миллион долларға бағаланады (салықтар мен менеджерлер комиссиялары шегерілгенге дейін).

Жылдар бойынша алсақ, 2019-2021 жылдары Жәнібек жекпе-жек үшін 25 000 доллар алған. 2021 жылға қарай Роб Брандт пен Хассан Н 'Дам Н' Жикамды жеңгеннен кейін оның жылдық табысы 150 мың долларға жетті. 

Ал 2022  жылы WBO уақытша чемпиондықты иеленген Жәнібек қомақты табысқа кенелді. Мысалы, Дензел Бентлимен жекпе-жегінен 350 мың доллар түсі. Жыл соңында оның табысы 550 мың долларға жетті. 

2023 жылы IBF белбеуін жеңіп алғаннан кейін Жәнібектің де табысы ұлғайды. Оның бір жекпе-жегі 400 мың долларға бағаланды. Жылдық табысы 800 мың долларға өсті.  Ал 2024-2025 жылы оның әр жекпе-жегі 500 мың долларға өсіп, 3 миллион долларға дейін табыс тапты.   Бірақ оның ішінде теледидар хабарлары мен демеушілік төлемі де үлесі барын ұмытпаған жөн. Сондағысы Жәнібекке 1,5 миллион  доллар  қалады.

Осы дивизиондағы WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамес те осы шамалас табысқа кенелді. Британдық орта салмақ өкілі Хамза Шираз мансабында 1,2 миллион доллар алса, ал қазіргі чемпиондар арасындағы ең жоғары көрсеткіш кубалық Эрисланди Лараға (WBA) тиесілі. Ол шамамен 2 миллион доллар сыйақы алған.

7 желтоқсанда қазақстандық боксшы Эрисланди Лараға қарсы WBO, IBF және WBA тұжырымдары бойынша жекпе-жекке шығуы тиіс еді. Алайда кездесудің алдында Әлімханұлының допинг-сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталып, жекпе-жек тоқтатылды. Оның орнына Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен (36–5, 34 КО) жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

Күшін жойған бұл жекпе-жекте Әлімханұлы IBF және WBO нұсқалары бойынша чемпион ретінде 350 мыңнан 500 мың долларға дейін гонорар алуы мүмкін еді.