"Басынан қазанмен ұрған": Алматыда ер адам әйел мен оның 6 жасар қызын өлтірген

Қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Алматыда әйел мен оның 6 жастағы қызын асқан қатыгездікпен ұрып өлтірген айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты. Бұған дейін де қылмысы үшін сотталған ер адам бұл жолы өмір бойы бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.    

Қанды оқиға биыл 5 қыркүйекте болған. Екеуінің арасындағы жанжал қанды қылмысқа ұласқан. Ашу үстінде ер адам асүйдегі шойын қазанмен әйелді баласының көзінше өлімші етіп сабаған. Ауыр жарақаттан келіншек сол түні ауруханада көз жұмған. Медициналық сараптама марқұмның ашық бас-ми жарақатын алғанын, бас сүйегінің бірнеше жерден сынғанын, миына қан құйылғанын растады. Сотталушы марқұм Ақбота Үсербаймен танысқанына 6 ай ғана болған.

Сот барысында жәбірленуші тараптың өкілі Асқар Бейсембаевтың айтуынша, Ақбота мен Ерболқызы Көркем анасы үшеуі демалыс орны – Апортқа барған. Кейін олар үйлеріне қайтып келген кезде арттарынан Чалтабаев еріп келген. Сол жерде араларында жанжал туындаған.

«Ол газдың үстінде тұрған қазанмен Ақбота мен Көркемді соққыға жыққан. Алынған саусақ іздері бойынша жүргізілген сараптама қазан үстіндегі іздер Чалтабаевқа тиесілі екенін анықтады», – деді Асқар Бейсембаев.

Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушы марқұмның зейнеткер анасын  да соққыға жығып, есінен тандырған. Әйел ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізіліп, бірнеше отадан кейін аман қалған. Оқиғаның жалғыз куәгер – 6 жастағы қыз да аяусыз соққыға жығылған. Оны да сол темір қазанмен бірнеше рет ұрған. Ауыр жарақат алған Көркем бірнеше күн бойы есін жимастан, көз жұмды.

Сотта сотталушы өзіне тағылған айыптарды толықтай жоққа шығарып, қылмыс жасамағанын мәлімдеді. Алайда сараптама қорытындысы қанға боялған темір қазанда Боралхан Чалтабаевтың саусақ іздері табылған. Мемлекеттік айыптаушы Боралхан Чалтабаевты аса қатыгездікпен екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтірді және адам өлтіруге оқталды деп айыптады. Сот үкімін шығарған судья Бақытжан Бәкірбаев оны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.