2026 жылдан бастап МӘМС бойынша қандай өзгерістер күшіне енеді?

МӘМС жүйесінде 16,9 млн адам сақтандырылған, бұл халықтың 82,6%-ын құрайды.

2026 жылдан бастап МӘМС бойынша қандай өзгерістер күшіне енетіні белгілі болды,  деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рустемова брифинг барысында хабарлады.

Оның айтуынша, диагностика саласында мемлекеттік кепілдіктерді кеңейту, халықты медициналық сақтандырумен қамтуды арттыру және жүйенің қаржылық тұрақтылығын күшейту – осындай негізгі бағыттар өзгерістердің басты мақсаты болып отыр.  

– 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Бірыңғай медициналық көмек пакетін кезең-кезеңімен енгізу басталады. Өзгерістер 2025 жылғы 14 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған Заңға сәйкес жүзеге асырылады және денсаулық сақтау саласында негізгі мемлекеттік кепілдіктерді орындауға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, барлық қатысушылардың әділ, ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етуге және жүйенің ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған,  деді ол. 

Вице-министр атап өткендей, Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Президент Жолдауында көзделген және үздік халықаралық тәжірибелерге негізделген. Бұл пакеттер арасындағы қайталануды жоюға, ТМККК және МӘМС арасын нақты бөлуге және пациенттер мен медициналық қызметкерлер үшін медициналық қызметтердің тізімін айқын әрі ашық етуге мүмкіндік береді.        

Ерте диагностика және скрининг – барлық азаматтар үшін

2026 жылғы қаңтардан бастап Бірыңғай медициналық көмек пакетіне кезең-кезеңімен өту басталады, ол келесі мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:

-         ТМККК мен МӘМС арасын нақты бөліп, қызметтердің қайталануын жою;

-         ауруларды ерте алдын алу шараларының қолжетімділігін арттыру;

-         әлеуметтік маңызды ауруларды ерте анықтау бойынша кепілдіктерді кеңейту;

-         ресурстарды қайта бөлу арқылы жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету;

-         толыққанды медициналық сақтандыру моделіне жақындау.

         Бірыңғай медициналық көмек пакеті шеңберінде МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, онкологиялық ауруларды, артериалды гипертензияны, ишемиялық жүрек ауруын, глаукома және қант диабетін ерте анықтауға арналған скринингтер барлық азаматтар үшін қолжетімді болмақ.       

         ТМККК пакеті шеңберінде онкоскринингтердің қолжетімді болуы қатерлі істіктерді ерте сатысында анықтап, емдеуге мүмкіндік береді. Жүрек-қан тамырлары ауруларын, глаукома және қант диабетін уақытылы анықтау асқынулардың алдын алуға және мүгедектік деңгейін төмендетуге жағдай жасайды.
         Айта кету керек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМККК шеңберінде 11 әлеуметтік маңызды ауруларды күдік туындаған жағдайда диагностикалау қолжетімді болады, соның ішінде туберкулез, созылмалы вирус гепатиттері мен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, қатерлі істіктердің ерте сатысы, өткір миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай), сирек кездесетін аурулар, эпилепсия, инсульттер және басқа ауыр жағдайлар. Қазір ТМККК шеңберінде тек туберкулез және АИТВ-инфекциясын диагностикалау жүргізілсе, басқа әлеуметтік маңызды ауруларды диагностикалау МӘМС жүйесінде жүзеге асырылады.

         Осылайша, сақтандырылмаған азаматтар базалық медициналық көмек пакетіне қол жеткізе алады, оған келесі қызметтер кіреді:

-         емханадағы алғашқы медициналық қаралу;

-         артериалды гипертензияны, ишемиялық жүрек ауруын, глаукома, қант диабетін, сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректалды обырды ерте анықтауға арналған вакцинация және скринингтер;

-         11 әлеуметтік маңызды ауруға күдік туындаған жағдайда диагностикалау;

-         өмірге қауіпті жағдайларда жедел және шұғыл медициналық көмек;

-         барлық әлеуметтік маңызды ауруларды диагностикалау, емдеу, алдын алу және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;

-         жұқпалы аурулар кезінде медициналық көмек;

-         қан препараттарымен қамтамасыз ету;

-         паллиативтік көмек және ауыр науқастарға ұзақмерзімді күтім.

         Айта кетерлігі, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі 13 әлеуметтік маңызды аурулардың тізімінен төрт ауру МӘМС жүйесіне көшеді. Олар: қант диабеті, балалар церебральды сал ауруы, қосылыстық тіндердің жүйелік зақымдануы және ревматизм. Бұл аурулар динамикалық бақылауға алынатын жағдайлар тізіміне енгізіледі, сонымен қатар медициналық көмек толық көлемде МӘМС шеңберінде көрсетіледі.

 МӘМС үшін жарналар мен аударымдар базасының жоғары шегін көтеру
         МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту үшін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу базасының жоғары шегі арттырылады:

·         қызметкерлер үшін – 20 АЕК дейін;

·         жұмыс берушілер үшін – 40 АЕК дейін.

         Сонымен бірге қызметкерлер мен жұмыс берушілердің жарна мөлшерлемелері өзгермейді, тек жарналарды есептейтін табыстың жоғары шегі өседі, – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері. Жаңа модель жүйенің әділдігін арттырады (қазіргі таңда жоғары табысты адамдар салыстырмалы түрде аз төлейді) және МӘМС жүйесіне қосымша қаржы түсімін қамтамасыз етеді – 2026 жылы шамамен 200 млрд теңге.

         «Өзгерістер шектеулі топты қамтиды: жарналарды арттыру шамамен 3,4 млн теңгеден жоғары табысы бар 20 мың қызметкерге ғана қатысты, бұл елдегі барлық жалдамалы қызметкерлердің 0,3%-ын құрайды. Қызметкерлердің 91% үшін жағдай өзгеріссіз қалады», – деді Ә. Рустемова.

         Әлеуметтік осал топтарды ОСМС қамтуын кеңейту

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесі жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік жағдайы дағдарыстық немесе шұғыл деңгейде (Д және Е категориялары) болатын шамамен 1 млн азаматты қосымша қамтитын болады. Бұл ел халқының тағы 5%-ына жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін береді.

 Бұрын хабарланғандай, бұл санаттағы азаматтар үшін жарналар медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан төленеді. Сондай-ақ жергілікті бюджеттер ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жарналарды төлеуге жауапты болады (қазіргі таңда жұмыссыздар үшін жарналарды мемлекет республикалық бюджеттен төлейді).

Сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін жеңілдік мерзімін ұзарту

2026 жылдан бастап МӘМС жарналарын өздігінен үздіксіз бес жыл төлеген азаматтар үшін төлемдер уақытша тоқтаған жағдайда сақтандырылған мәртебені сақтау жеңілдік мерзімі алты айға ұзартылды. Бұрын бұл мерзім үш айды құрайтын.

Бұл шара халықтың МӘМС жүйесімен максималды қамтылуын және уақытша қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарды қолдауды көздейді. Айта кету керек,  кейін сақтандырылған мәртебесінен айрылмау үшін төлемдерді өткізіп алған кезеңдер үшін жарналарды төлеу керек болады.

        Қазір МӘМС-пен қамтылған азаматтар саны

Брифинг барысында атап өтілгендей, қазір МӘМС жүйесінде 16,9 млн адам сақтандырылған, бұл ел халқының 82,6%-ын құрайды. Олардың ішінде шамамен 12 млн адам мемлекет тарапынан төленетін жеңілдік санаттарына жатады.
         Шамамен 3,4 млн адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Жұмысқа қабілетті азаматтар айына 4 250 теңге немесе жылына 51 000 теңге төлеп, МӘМС шеңберінде ұсынылатын медициналық қызмет көлеміне қол жеткізе алады.   

Барлық көзделген өзгерістерді жүзеге асыру әділ медициналық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз етіп, денсаулық сақтау жүйесінің профилактикалық бағыттылығын күшейтіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру моделінің тұрақтылығын арттырады, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.