2027 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы ілкі жоба ретінде өзгеріске ұшырауы мүмкін. Бұл туралы Сенатта БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Вице-министрдің айтуынша, америкалық компаниямен келіссөз жүргізілді.
– Америкалық компаниямен енді жұмыс істей бастаймыз. Бастапқы кезең процесі – келіссөздер, меморандум жасасу болды. Бұл бір күннің не бір жылдың жұмысы емес екені түсінікті. Ол барынша ұзаққа созылады және кезең-кезеңмен жүзеге асырылады, осыған орай, 2026 жылы ҰБТ-ның форматы да, мазмұны да өзгермейді, – деді ол.
ҰБТ форматының өзгеруі 2027 жылдан бастап кезең-кезеңмен қолға алынуы мүмкін.
– Әрине, бұл мәселелердің бәрі қоғамға, балалар мен талапкерлерге міндетті түрде жеткізіледі. Сарапшылар тобы құрылып, оның құрамына ғалымдар, пән мұғалімдері кіреді. Сондықтан сұрақтар жан-жақты талқыланып, сараптамадан өтеді. Соған кейін ғана қолдануға жіберіледі, – деді Гүлзат Көбенова.