2025 жылдың 10 жетістігі: үй беріліп, мектеп ашылып, зауыттар іске қосылды

Биыл елдегі айшықты көрсеткіштерге қарап, жетістігі мол екенін көруге болады. Халыққа үй беріліп, мектеп ашылып, зауыттар іске қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

2025 жылда елдегі айшықты көрсеткіштерге қарап, жетістігі мол екенін көруге болады. Халыққа үй беріліп, мектеп ашылып, зауыттар іске қосылды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.
Атап айтсақ, мыңдаған отбасы жаңа баспанасында қоныс тойын тойлады. Биылғы 11 айда 16,9 млн м² тұрғын үй пайдалануға берілді. 2025 жылдың соңына қарай жалпы көлемі 19,1 млн м2 тұрғын үй тапсырылу жоспарда бар. Еліміздің барлық өңірінде құрылыс қарқынды дамып келеді.
Екіншіден, елімізде бой көтерген денсаулық сақтау нысандарының саны 219-ға жетті. Медицинаға қолжетімділік арта түсті: еліміздің көптеген аулында жаңа медициналық пункттер пайда болды. Дәрігер тапшылығы 19%-ға қысқарды.
Үшіншіден, елімізде 130 жаңа мектеп ашылып, 220 мың жаңа оқушыға орын пайда болды. 100-ден астам мектепте орын тапшылығы жойылды. Баланың қалада немесе ауылда тұрғанына қарамастан, оқуға қолайлы жағдай жасалады.
Төртіншіден, 5,9 трлн теңге зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге бағытталды. Мысалы, 4,6 млн қазақстандық мемлекеттен көмек алады. Азаматтарды қолдау бюджеттің басым бағыты болып қала береді: 2026 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы тағы 10%-ға өседі.
Бесіншіден, 33 жаңа зауыт іске қосылып, 150 зауыт жаңартылды. Оған қоса, «Қазақстанда жасалған» – енді тұрмыстық техника мен автокөліктерге де қатысты. Теледидар мен кір жуғыш машиналар өндірісі іске қосылып, көлік шығаратын зауыттар салынып жатыр.
Алтыншыдан, диқандар екінші жыл қатарынан астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, биыл 27,1 млн тонна астық жинады. Ел азық-түлікпен толық қамтылған, экспорт көлемі артып келеді.
Жетіншіден, қалалар арасындағы жол жүру жылдам әрі қауіпсіз бола бастады. Биылдың өзінде 13 мың шақырым жол салынып, жөндеуден өтті. Сонымен қатар жүк тасымалдау көлемі 9,6%-ға ұлғайды.
Сегізіншіден, халықтың 90%-ы интернетпен қамтылды. Қазақстан – Starlink спутниктік интернетіне қол жеткізген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет.
Тоғызыншы, бір жылда 335,6 млн ағаш отырғызылды. «Таза Қазақстан» Президент бастамасы аясында еліміз жасыл елге айналып келеді. Бұл – өзіміз үшін және болашақ ұрпағымыз үшін таза ауаға салынған үлкен инвестиция. Сонау 2021 жылдан бері 1 млрд 470 млн көшет өтырғызылды.
Оныншы, ел экономикасы 6,4%-ға өсті. Қуатты экономика – мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін ресурстары бар екенінің кепілі: тіпті жаһандық нарық тұрақсыздығы жағдайында да жалақы, зейнетақы төлеу және жаңа мектептер салу.