"Екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады": медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағанға жаза қатаңдатылады

Қылмыстық кодекс 380-3-баппен толықтырылады.

Сенаторлар медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушілерін кәсіби міндетін атқару кезінде қорғауды күшейтуге бағытталған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілген түзетулерді қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Заңның негізгі нормалары: Жеке қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.  Қылмыстық кодекс 380-3-баппен толықтырылады. 

— «Медицина қызметкеріне немесе жедел медициналық көлік жүргізушісіне қатысты күш қолданамын деп қорқыту не күш қолдану».

Күш қолданамын деп қорқытқаны үшін:

200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл немесе түзеу жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылады.

Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.

Күш қолданғаны үшін жауапкершілік: 

өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдану – 500-ден 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда – 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.

Ауыр зардаптар:

Өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану үшін 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.