Aikyn.kz әлем елдеріндегі жаңажылдық мерекені тойлау дәстүрін, ерекшеліктерін ұсынады.
Бір ел Жаңа жылды кең тойлап, ұзақ демалыс күндерін жариялайды. Басқа елдерде бұл – бір-ақ күн ресми демалыс. Бұрынғы кеңестік елдерінде Жаңа жыл көбінесе «посткеңестік» үлгіде аталып өтеді. Балабақшалар мен мектептер, басқа оқу орындары, еңбек ұжымдары Жаңа жыл алдындағы қарбаластың ортасында болады. Сыйлықтар үлестіріліп, жаңа жоспарлар мен жаңа үміттер, құттықтаулар айтылады. Қазір бұған қоса шетелдерге саяхаттау, қалалық шыршаға барып, мұз төбешіктен сырғанау да қосылды. Әр елде Аяз ата мен Ақшақар бейнелерінің ұлттық нұсқалары қолданылады, олар балалар үшін де, ересектер үшін де сауда орталықтары мен мәдениет үйлеріндегі шоу бағдарламалардың басты кейіпкеріне айналады.
Үйде немесе аулада безендірілген шырша, балаларға Аяз атаның атынан сыйлығын тарату, отбасылық дастарқанда отырып президенттің құттықтауын тыңдау – 31 желтоқсанның кешіндегі басты оқиғалар.
Бала кезімізде Аяз атаның сыйлығын үйдегі шыршаның астына жасырылған, аттарымыз жазылған қораптардан тауып алатын сәттеріміз бізге ғажайып ертегідей болып көрінетін. Сыйлықтар отбасылық дәстүр бойынша 1 қаңтардың таңында бізді күтіп жатушы еді, оны аңыз бойынша «түнде біз ұйықтап қалғанда Аяз ата алып келетін». Бұл да балалық шақтың керемет ертегісі!
Ал 31 желтоқсанда кеңестік дәстүр бойынша, телеарналардан мерекелік концерттер мен Эльдар Рязановтың «Ирония судьбы, или С легким паром!» фильмін тамашалау әлі де бар. Жаңажылдық сыйлықтар алу, шырша іздеу, мерекелік дастарқан мәзіріне қажет азық-түлік себеттері де желтоқсандағы сауданың басты мазмұнын құрайды. Осындай абыр-сабырдан кейін көптен күткен Жаңа жыл да келеді.
Мына видеода аңыз патшайым II Елизаветаның өткір қалжыңдары, тапқыр сөздері берілген:
Германияда да ұқсас логика бар. Оларда Жаңа жыл – жалпыұлттық мерекелік күн болғанымен, қарсы алу дәстүрі өңірлерге қарай құбылады. Бір жерде отшашу мен қалалық думан, бір жерде – отбасылық басқосу мен сәттілік тілейтін символикалық ырымдарға көп мән беріледі.
Ұлыбританияда мерекелік дәстүрлер елдің аймақтарына қарай өзгереді. Мысалы, Шотландияда 1-2 қаңтар мемлекеттік мереке ретінде тойланады, сондықтан демалыс көптеген Еуропа елдеріне қарағанда сәл ұзағырақ болады. Ұлыбритания Корольдігінің құрамындағы Аустралияның Жаңа жылында ресми демалыс және «ауыстырылатын» күндер алдын ала жарияланады. Жаңа жыл – аустралиялықтар үшін қалалық отшашуларымен ерекшеленетін айтулы мереке. Әсіресе, Сиднейдің отшашуы өзінің ауқымы мен форматымен әлемге танымал. New Year’s Day – жалпыұлттық мереке болғандықтан, егер бұл күн демалысқа түссе, қосымша демалыс күні беріліп, мейрам ұзара түседі.
Шығыс Азия елдерінде ресми демалыс аздау, дәстүрлі «мерекелік режим» көбірек. Мысалы, Жапонияда 1 қаңтар – ресми мереке болып белгіленгенімен, көптеген мекеме мен компания іс жүзінде 1-3 қаңтар аралығында жұмысын «бәсеңдетеді». Адамдар туған-туыстарына барады, жылдың алғашқы күндерінде ғибадатханаларға зиярат етеді және отбасылық рәсімдерді сақтайды.
Қытай болса Григориан күнтізбесі бойынша Жаңа жылды мемлекеттік мереке түрінде атап өтеді. 1912 жылғы 1 қаңтардан бастап Қытай үкіметі Григориан күнтізбесін қабылдап, Жаңа жылды осы күні атап өтеді. 2026 жылға ресми демалыс 1-4 қаңтарға жоспарланған. Бұл күндер әдетте тыныш демалыс күні ретінде өтеді. Отбасы мүшелерімен, достармен кездесу, қалалық шаралар, мерекелік концерттер өтеді.
Ал Қытайдың басты мерекесі Ай күнтізбесіндегі Жаңа жыл деп саналады. Ең ауқымды отбасылық сапарлар мен ұзақ каникул осы Көктем мерекесімен байланысты.
Қытайлықтар өздерінің ең маңызды мерекесінде демалыс күндерін қоса алғанда 10-15 күндік демалады. Бұл каникул «мерекелік режимде» өтеді: ауылдық жерлердегі ата-аналарына бару, оларға қамқорлық көрсету, сыйлықтар тарату, отбасылық басқосулар мен мерекелік дастарқандар, салт-дәстүрлер осы Көктемгі жаңа жылда болады. Ай күнтізбесіне тәуелді «жылжымалы» күн. 2026 жылы Қытайдың Жаңа жылы 17 ақпанға сәйкес келеді.
Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Тәжікстан да осы мезгілде Жаңа жылды қарсы алып, ресми демалыстарын жоспарлайды. Осы елдерде жаңажылдық мерекені қарсы алу сипаты да ұқсас. Үйді безендіру, шырша тігу, отбасылық дастарқан жаю, жақындарға сыйлық ұсыну, балаларға арналған ертеңгіліктер мен қалалық мерекелік шараларға қатысу. Бұрынғыдай Аяз ата мен Ақшақар персонаждары Жаңа жылдың нышаны ретінде көп қолданылмайды. Дегенмен түнгі он екіде тілек айту, бір-біріне жылы сөз арнау, отшашу тамашалау – әлі де ортақ дәстүр болып жалғасып келеді.
Жаңа жыл әр елде әртүрлі реңкпен тойланса да, негізгі мағынасы бірдей: ескі жылды ризашылықпен шығарып салып, жаңа жылды үмітпен, жаңалық пен жақсылық күтіп қарсы алу.
Біздің жаңажылдық құттықтауымыз бен Дональд Трамптың орындауындағы қоңырау сыңғыры
Біз де өзіміздің оқырмандарымызға жаңажылдық құттықтауымызды жолдаймыз. Бір жыл бойы Aikyn.kz сайтының сенімді оқырманы, қолдаушысы болған сіздерге барша жақсылық тілейміз! Жаңа жыл – күнтізбедегі жаңа бет қана емес, ойымызды тазалап, жүректі жұмсартып, ниетті түзейтін жақсы мүмкіндік. Көптеген ойларымызды сіздермен бөлістік, қолдау таптық.
Осының бәрінен сабақ алып, бүгінге қанағат айтып, ертеңге үмітпен, сеніммен қадам басайық, қадірлі оқырман!
Өткен жылдың қиындығы мен ауырлығын – тәжірибеге, жақсы оқиғаларын – күшімізді еселейтін қуатқа айналдырайық. Жүрегіңізге тыныштық, үйіңізге бақ, ойыңыз бен ісіңізге табыс қонсын! Әр таңдауыңыз рухани деміңізді күшейтсін, әр күніңіз мағыналы болып, жақсылық есігіңізді жиі қақсын! Халқымызға амандық, береке мен ынтымақ, денсаулық пен мол табыс тілейміз! Жаңа жыл құтты болсын!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.