18 желтоқсан күні Атырау қаласындағы Алиев көпірінде жас дәрігер адам өмірін сақтап қалды. №5 Атырау қалалық емханасының фельдшері Мейірман Құсайын жұмыстан қайтып келе жатып, қауіпті жағдайда тұрған азаматты байқап, дереу көмек көрсетуге кіріскен.
Фельдшер азаматпен тілдесіп, оны тыныштандыруға және жағдайды ушықтырмауға күш салды. Әңгіме барысында ол адамның психологиялық күйін түсінуге тырысты.
Сонымен қатар Мейірман Құсайын жедел түрде 102 және 103 қызметтеріне хабарласып, тиісті мамандардың оқиға орнына уақытында жетуін қамтамасыз етті. Көмек келгенге дейін шамамен алты минут бойы азаматтың жанында болып, қолдау көрсетті.
Полиция қызметкерлері дер кезінде келіп, жағдайды қауіпсіз арнаға бұрды. Нәтижесінде жас фельдшердің батыл әрі кәсіби әрекетінің арқасында бір адамның өмірі сақталып қалды.
Қазіргі таңда Мейірман Құсайын Атырау қаласындағы №5 қалалық емханада учаскелік фельдшер болып еңбек етеді. Еңбек өтілі аз болса да, ол өз ісіне адал, адам өміріне жауапкершілікпен қарайтын маман ретінде танылып келеді.
Аталған оқиға медицина қызметкерлерінің тек қызмет барысында ғана емес, күнделікті өмірде де азаматтық жауапкершілік пен жанқиярлық таныта алатынын көрсетеді.
Баян Жанұзақова
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.