Алматы қаласындағы бір мейрамханада болған оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде видео тарады. Видеода мейрамхана әкімшісі мен келуші арасында дау туындағаны көрініс тапқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Медеу аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері аталған оқиға бойынша тексеру жүргізілді, қатысушылар анықталып, жауап алынды, жағдай толық зерттелді.
Тексеру барысында тараптар оқиғаның эмоционалды жағдайдан туындағанын атап өтті. Олардың айтуынша, кейбір сөздер мен әрекеттер эмоция әсерінен жасалған және олардың шынайы көзқарасын білдірмейді.
Сонымен қатар оқиға барысында тараптардың бір-біріне жеңіл физикалық әрекет қолданғаны анықталды.
Қатысушылар өзара кешірім сұрап, татуласты және болған жағдайға өкінетінін білдірді. Сондай-ақ олар азаматтарды бір-біріне құрметпен қарауға, кез келген келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге шақырды.
Тексеру нәтижесі бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілді. Екі қатысушыға да кәмелетке толмаған бұзақылық әрекет фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен олар 20 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Полиция ескертеді: тұрмыстық келіспеушіліктер, қарым-қатынас мәселелері немесе тілдік ерекшеліктер еш жағдайда да қақтығыс, провокация және қоғамдық тәртіпті бұзу үшін себеп болмауы тиіс. Ұлттық немесе тілдік тақырыптарды пайдаланып, дауды ушықтыру әрекеттері қоғам үшін қауіпті және қабылданбайды деп қарастырылады. Қоғамымыздың негізі – өзара сыйластық, бірлік пен келісім. Бұл құндылықтар өзгермейтін, маңызды қағида болып табылады», - делінген Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарламасында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.