Түркі әлемінің әдеби мұрасы – жаһандық мәдени кеңістіктегі ортақ қазына

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлтты ұлт етіп сақтайтын басты күш – оның рухани тамыры.

Сол тамыр тереңде болса, елдің еңсесі биік, болашағы берік болады. Түркі дүниесін бір арнаға тоғыстырып тұрған да – ортақ тарих, ортақ тілдік негіз, ортақ әдеби және мәдени мұра. Осы асыл құндылықтарды сақтау, жүйелеу және әлемге таныту – Түркі мәдениеті және мұрасы қоры қызметінің басты мұраты.

Қор өз қызметінде түркі әлемінің тарихи-мәдени және әдеби мұрасын кең көлемде насихаттауға айрықша мән беруде. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан халықаралық  кітап жобалары мен мәдени іс-шаралар түркі халықтарының рухани байлығын жаңа деңгейге көтеріп, жаһандық мәдени кеңістікте лайықты орын алуына жол ашуда. Қордың баспа өнімдері әлемнің беделді кітап жәрмеңкелері мен ірі мәдени алаңдарында жүйелі түрде таныстырылып, түркі өркениетінің тереңдігін айқын көрсетіп келеді.

Соңғы екі жыл ішінде Қор бес іргелі кітап сериясын қалыптастырды. Олар – «Түркі әлемінің көрнекті тұлғалары», «Түркі әлемінің әдеби інжу-маржандары», «Түркі әлемінің ғылыми інжу-маржандары», «Түркі әлемінің тарихи інжу-маржандары» және «Түркі әлемінің дипломатиялық інжу-маржандары». Бұл сериялар мазмұны жағынан да, ғылыми және мәдени салмағы тұрғысынан да түркі дүниесінің ортақ рухани кеңістігін айқындайды.

«Түркі әлемінің көрнекті тұлғалары» сериясындағы алғашқы басылым – «Гейдар Әлиев және Мұхаммед Физули» кітабы. Кітап Физулидің 530 жылдығына орай жарық көрді. Осы серия аясында ХХ ғасырдағы әзербайжан әдебиетінің көрнекті өкілі Мир Джалалдың «Низами Гәнджеви әлемі» атты мақалалар жинағы да оқырманға жол тартты.

Ғылым мен білім – ұлт руханиятының тірегі. Осы қағиданы басшылыққа алған Қор «Түркі әлемінің ғылыми інжу-маржандары» сериясында Махмуд Қашғаридің «Диуани лұғат әт-Түрк» еңбегі әзербайжан және орыс тілдерінде ғылыми түсіндірмелері кеңейтілген түрде жарияланды. Бұл еңбектің тұсаукесері ЮНЕСКО-мен бірлесіп Францияда ұйымдастырылып, 950 жылдық мерейтой аясында халықаралық ғылыми конференция өтті. Сондай-ақ осы серияда  Дархан Қыдырәлінің «Тасқа қашалған тарих» атты зерттеу кітабы жарық көрді.

Тарихи жады – халықтың ұжымдық санасы. «Түркі әлемінің тарихи інжу-маржандары» сериясында Түрікмен халқының Ұлттық көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің «Ақыл жауһары» атты ғылыми еңбегі, Эльчин Ахмедовтің «Шуша – тарихи-мәдени мұра» кітабы, сондай-ақ Сауытбек Абдрахмановтың «Корифейлер» атты ғылыми мақалалар жинағы жарияланды. Бұл басылымдар түркі әлемінің өткенін тануға, бүгінін бағалауға мүмкіндік береді.

Қор түркі елдері Президенттерінің Жарлықтары мен Өкімдеріне сәйкес өтетін мерейтойлық іс-шараларға ерекше назар аударады. Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің Бірінші түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығына арналған тапсырмасы негізінде «Бірінші түркологиялық құрылтай» атты кітап әзербайжан, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Бұл еңбек түркітану ғылымының қалыптасу тарихын жаңа қырынан танытады.

Әдебиет – халықтың жаны. «Түркі әлемінің әдеби інжу-маржандары» сериясы аясында Мұхаммед Физулидің ғазалдары қазақ тіліне аударылып, Қазақстанда кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар Махтумқұлы Фраги, Кемел Тоқаев, Бердібек Соқпақбаев, Мәлік Отарбаев секілді қаламгерлердің еңбектері түрлі елдерде оқырманға жол тартты. Қырғыз ақыны Алықұл Осмоновтың, әзербайжанның халық ақыны Бахтияр Вахабзаденің шығармалары да осы рухани көпірдің бір бөлігіне айналды.

Қор бірнеше тілде жарық көретін кітаптарды дамытуға айрықша мән беріп келеді.  Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Таңдаулы өлеңдер» жинағы жеті тілде жарық көріп, Мағжан Жұмабаевқа арналған «Біздің Мағжан» кітабы халықаралық оқырманға жол ашты. Бұл еңбектер ұлы тұлғалардың ой әлемін әлемге танытуға қызмет етуде.

Айрықша атап өтер жоба – көптомдық, көптілді «Түркі фольклорлық мұрасы» антологиясы. Үш жылға жоспарланған бұл жоба аясында 21 том жарық көрмек. Алғашқы кезеңде қаһармандық эпостарға арналған бес кітап басылып шықты. Антология түркі халықтарының фольклорлық мұрасын тұтас жүйеге түсіріп, халықаралық ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Түркі әлемінің мәдени коды» атты көптілді каталог та жарық көрді. Бұл басылымға жеті елдің материалдық және рухани мұрасының таңдаулы нысандары енгізіліп, түркі өркениетінің сан қырлы болмысын айқын көрсетіп отыр.

Балаларға арналған арнайы басылымдар да Қор назарынан тыс қалмайды. Низами Гәнджеви әлемі, түркі халықтарының ертегілері, Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары жас оқырманға жол тартуда. Бұл – рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі.

Қор шығаратын әрбір кітаптар, ғылыми конференциямен, әдеби-мәдени бағдарламамен бірге ұйымдастырылып, әр елдің ұлттық кітапханалар қорына табыстаудамыз. Бұл жұмыстар халықаралық мәдени диалогты кеңейтіп, түркі әлемінің рухани байлығын кең аудиторияға танытуға қызмет етеді.

Қорытындылай айтқанда, соңғы жылда Түркі мәдениеті және мұрасы Қоры шамамен 50-ге жуық кітап шығарып, түркі әлемінің әдеби және мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға қомақты үлес қосты. 

Сонымен қатар осы бір жылдың ішінде білім беру мен зерттеу салаларын қамтыған халықаралық 70 жоба іске асырылып, тарихи ескерткіштер қалпына келтіріліп, мұражай экспонаттары жаңартылып, рухани жәдігерлер цифрландырылды.

Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, түркі дүниесінің рухани кеңістігін кеңейте бермек.

«Өткенін қадірлеген елдің болашағы жарқын»,   дейді дана халқымыз. Осы жолда бірлік пен ынтымақты ту етіп, ортақ мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттау – бәрімізге ортақ парыз. Түркі әлемінің рухани жұлдызы әрдайым жарқырай берсін, ал бұл игі бастамалар елдерімізге береке, халықтарымызға бірлік әкелсін деген ізгі тілекпен сөзімді түйіндеймін.

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті