Ел Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде туризм және спорт салалары бойынша 2025 жылды қорытындылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сонымен қатар спорт саласының үздік өкілдерін марапаттауға арналған «Үздік – 2025» сыйлығын табыстау рәсімі өтті.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов биыл Қазақстанда туристік ағынның өсуі байқалғанын мәлімдеді. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша елімізге туристік мақсатта 12,1 млн шетел азаматы келген. Олардың 8,6 миллионы елде бір тәуліктен астам уақыт болған шетелдік туристер ретінде жіктелген. Орналастыру орындарының қызметін 1 миллион шетелдік және 6,7 миллион ішкі турист пайдаланған, бұл сырттан келген туризм мен ішкі туризмнің тұрақты өсімін көрсетеді.
Ведомство деректеріне сәйкес, елімізде бір мезгілде 243,5 мыңнан астам жатын орынға есептелген 4 499 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Қонақ үйлер мен өзге де орналастыру нысандарының жиынтық табысы 268 млрд теңгеге жетіп, өңірлердегі іскерлік белсенділік пен туристік тұтынудың артқанын көрсетті.
2025 жылдың қаңтар-қазан айларында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 38,1%-ға өсіп, 923 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар елдің 20 өңірінде 147 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл салаға жеке және институционалдық капиталдың жоғары қызығушылығын дәлелдейді.