Алматы маңындағы тауда жоғалған үш туристің біреуі қаза тапты

Жоғалған азаматтармен байланыс үзілгеніне 12 сағаттан асқан.

Алматы облысындағы таулы аймақта жоғалған үш азаматтың біреуінің мәйіті табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

2025 жылғы 26 желтоқсанға қараған түні Алматы қаласы ТЖД-нің 112 қызметіне әйел адам хабарласып, бауырының екі досымен бірге 24 желтоқсан күні таңертең тауға шыққанын және содан бері байланысқа шықпағанын мәлімдеген. Жоғалған азаматтармен байланыс үзілгеніне 12 сағаттан асқан.

Хабар түскен бойда жедел іздестіру-құтқару жұмыстары басталды. Оған ТЖМ-нің Республикалық жедел-құтқару жасағы, Апаттық медицина орталығының мамандары, Құтқару қызметі, полиция қызметкерлері және еріктілер жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, іздеу жұмыстарына ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылды.

Әуе барлау кезінде ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен «Локомотив» шыңы маңынан бір адамның денесі анықталды. Марқұмның денесі теңіз деңгейінен 3 700 метр биіктіктен әуе техникасымен эвакуацияланып, полицияға тапсырылды. Қазіргі уақытта марқұмның жеке басын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

 

Қаза болған азаматтың туыстарына психологтар мен медицина мамандары тарапынан тиісті көмек көрсетілуде. Қалған екі азаматты іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.