Әулиеата халқымен жүздесу барысында Қ. Тоқаев: «Тараз – ұлтымыздың асқақ рухы, бай мәдениеті, елдік мұраты және ерлік дәстүрі тоғысқан қала. Бұл – ежелгі өркениеттің ізі қалған жер. Шежірелі шаһардың жұртымыз үшін орны ерекше. Біз Тараздың екі мыңжылдық тарихын мақтан етеміз. Әулиеата жерінде мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтқан талай тарихи оқиға болды. Қазақ хандығы осы аймақта құрылған. Көне қала тоғыз жолдың торабында тұр. Ежелгі Ұлы Жібек жолы қарт Қаратаудың етегін басып өткен. Әйгілі керуен жолы жаңа заманда жаңа қарқынмен дамып келеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі Жамбыл жері арқылы өтіп жатыр. Соның арқасында аймақтың стратегиялық маңызы артуда. Жамбыл облысы күн өткен сайын өркендеп келеді», – деді.
Сапар барысында Мемлекет басшысы бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанға барды. Аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында ол жергілікті кәсіпорындармен танысып, өндірістің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын бағалады.
Жамбыл облысындағы медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар өндіретін фармацевтикалық кәсіпорын «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысқан Президент отандық фармацевтика индустриясының дамуы импортқа тәуелділікті төмендетіп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда маңызды екенін атап өтті. 94 қызметкер еңбек ететін кәсіпорын бүгінде 200-ден аса медициналық препарат пен дайын өнім түрлерін шығарады. Нақтырақ айтсақ, «Әмір және Д» ЖШС әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалауға арналған жедел тестілердің көптеген түрін өндіреді. Бұл өнімдер В және С гепатитін, АИТВ инфекциясын, миокард талмасын, сондай-ақ есірткі және психотропты заттарды анықтай алады. Сонымен қатар Президент елімізде медициналық бұйымдар өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі – Super-pharm фармацевтикалық компаниясына да барды. Бұл зауыт қазір 600-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания отандық нарықтағы бірреттік қолдануға арналған медициналық бұйымдарға сұраныстың 30 пайызын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, кәсіпорын түрлі операция үшін хирургиялық және процедуралық жиынтықтарды, медициналық бетперденің барлық түрін, бірреттік қорғаныш киімін, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдарды өндіреді. Сонымен қатар медициналық шприцтер, инфузионды және қанды қайта құюға арналған система құралдары, басқа да өнімдер дайындайды.
Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы «Тараз» шағын индустриалдық аймағын аралап, аймақтағы инвестиция тарту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобаларымен танысты.
Мұнда Президентке экономиканы индустриаландыру, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіс алқаптарын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалып, инвестициялық пул туралы мәлімет берілді. Инвестиция игілігі негізінде жыл басынан бері өңірге 599,2 миллиард теңге инвестиция тартылған, өсім 33 пайызды құраған. Соңғы екі жылда облыста жалпы құны 242 миллиард теңге болатын 56 инвестициялық жоба іске асырылған.
Мемлекет басшысына облыстағы жетекші кәсіпорындардың жобалары көрсетілді. Олардың қатарында «Қазфосфат» серіктестігінің минералды тыңайтқыштар өндіру және YONGGANG CENTRAL ASIA IRON and STEEL компаниясы салып жатқан металлургия зауыты жобалары бар. Сондай-ақ Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ауқымды инвестициялық жобасының аралық қорытындысы ұсынылды. Қазір күкірт қышқылын өндіретін жаңа зауытты іске қосу алдындағы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы өнім ішкі нарыққа жөнелтілді.
Сонымен қатар Президентке алдағы уақытта пайдалануға берілетін Shengtai Biotech Co.Ltd жүгері өңдеу зауытының жұмысы жайында мәлімет берілді. Шу ауданындағы бұл жобаға 1,5 миллиард доллар инвестиция салынған. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Байзақ ауданындағы Zhongkai Kazakhstan International Company қант зауыты құрылысымен де танысты. Бұдан бөлек, KAZ FMWORLD AGRICULTURAL MACHINERY компаниясының индустриалдық аймақта шығарылатын ауылшаруашылық техникалары көрсетілді.
Жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Dala Glass әйнек өндіретін кәсіпорнына барды. Зауыт биыл жазда іске қосылған. Жобаға салынған инвестиция 1 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 500 мың шаршы метр әйнек шығаруды жоспарлап отыр. Бүгінде аталған нысанда 50 адам жұмыс істейді. Мемлекет басшысы кәсіпорын қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың еңбегіне табыс тіледі.
Ал Тараздағы мамандандырылған әскери мектеп-интернатқа барған Президент оқу кабинеттері мен спортзалын аралап көрді. Мекемеде 180 бала білім алып, интернатта тұратыны жөнінде баяндалды. Мектеп жасөспірімдерге білім беріп, тегін тамақтандырады әрі тұрғынжаймен қамтамасыз етеді. Оқу бағдарламасы 7-11-сыныптарға арналған.
Білім ошағының негізгі мақсаты – келешектегі Отан қорғаушыларды даярлау, оларға әскери-патриоттық тәрбие беру. Әскери интернатта курсанттар сабақтан тыс уақытта роботты техника, дронды басқару, жасанды интеллект үйірмелеріне қатысады. Болашақ әскери қызметшілерге ағылшын тілі тереңдетіп оқытылады. Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылармен әңгімелесіп, мемлекет тарапынан әскери білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Іс-шара соңында Мемлекет басшысы білім ошағына Бауыржан Момышұлының портретін және елімізде құрастырылған мектеп автобусын сыйға тартты.
Сонымен қатар Президент жүректі радиожиілік пен криоаблация тәсілдерімен және жүрек соғысының бұзылуын жедел емдеуге маманданған медициналық мекемеге барды. Мемлекет басшысына клиниканың кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек, соның ішінде жоғары технологиялық араласу арқылы дәрігерлік жәрдемнің толық спектрін көрсете алатыны жөнінде баяндалды. Мекеме бір ауысымда 150 адамға дейін қабылдай алады. Сондай-ақ 47 орындық стационар бар. Өңірдегі бірегей орталық саналатын мекемеге құйылған жалпы инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгені құрады.