Қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған тазалық шарасына партияның қалалық және аудандық филиал қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері, коммуналдық сала мамандары мен белсенді қала тұрғындары қатысты. Жалпы саны 30-ға жуық адам жұмылдырылды.
Бұл жолғы акция Абай ауданында ұйымдастырылып, қатысушылар көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы мен тұрғындар жиі жиналатын қоғамдық кеңістіктерді қоқыстан тазалады. Бірлескен еңбек нәтижесінде аумақтың көркі кіріп, тазалық деңгейі артты.
Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы экологиялық жауапкершілікті арттырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, «Таза бейсенбі» – тек бір күндік тазалау жұмысы емес, тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға үндейтін тәрбиелік мәні бар бастама.
Айта кету керек, жыл басынан бері бұл акция 52 рет өткізілген. Осы кезеңде 4 мыңнан астам адам қатысып, қала аумағынан шамамен 49 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар алдыңғы шаралар барысында аллеялар мен гүлзарлар абаттандырылып, ағаш пен гүл көшеттері отырғызылды. Қыс мезгілінде жоба аясында қоғамдық орындарды қардан тазалау және тайғақтың алдын алу мақсатында құм себу жұмысы да жоспарланған.
«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында өткізіледі. Жобаның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың туған жерге деген жанашырлығын арттыру және қоғамда жауапкершілік құндылықтарын нығайту.
Елнар ЕЛТАЙ