Партия алаңында кәсіпкерлер мәселесі талқыланды

«AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында өңірдегі бизнес өкілдерінің өзекті мәселелері талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылды.

Кеңес отырысында кәсіп­керлер «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасына қатысуға рұқсат алу, әлеуметтік маңызы бар маршруттарды суб­сидиялау, сондай-ақ сауда орын­дарына арналған жер учаскелерін бөлуге қатысты бірқатар мәселе­ні көтерді. Атап айтқанда, ин­дус­триялық аймақта орналасқан Lucrum Star жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі «Өрлеу» бағдарламасына қатысу барысында туындаған кедергі­лерге тоқталды.

– Кәсіпорын 2012 жылдан бері қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы дайын өнім шы­ғарып кел­еді және барлық көр­сеткіш бойынша шағын кәсіп­керлік субъектісі талаптарына сай. «Өр­леу» бағдарламасы аясында несие­л­ендіруге өтінім берген едік. Алайда құрылтай­шының бір адам болуы себепті рұқсат берілмей отыр, – деді компания­ның даму бөлімінің басшысы Жанболат Айтенов. 

– Кәсіпкерлердің мәселе­лерін осындай алаңдарда кө­теріп, оларды нақты шешуге бағыт ұстануымыз қажет. Осы тұрғыда үйлестіру кеңесінің жұ­мысы маңызды. Қазіргі уақытта Салық кодексіне тиісті өзгеріс­тер енгізіліп, Ақтөбе облысы бойынша қала мен аудандарда салық ставкалары төмендетілді. Бұл бюджетке оңай соқпаса да, қабылданған шешімдердің бас­ты мақсаты – кәсіпкерлерді қол­дау, – деді партияның облыс­тық филиалы төрағасы Ербол Данағұлов.

Облыс әкімінің орынбасары, кеңестің тең төрағасы Абзал Әбдікәрімов үйлестіру кеңесі кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастырудағы маңызды алаң екенін жеткізді. Ол кеңес шеңберінде кәсіпкерлерді алаң­дататын өзекті мәселелерді ашық талқылап, оларды шешуге бағытталған нақты шаралар қабылдауға болатынын атап өтті. Сондай-ақ кеңестің тең төрағасы  кәсіпкерлікті қолдауға бағыт­талған жұмысты күшейту үшін барлық мүдделі тарапты бірлесіп әрекет етуге шақырды.