Бауыржан Момышұлының есімі ұлықталды

Бауыржан Момышұлының есімі ұлықталды Орал қаласында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай «Батыр Бауыржан: болмыс пен биіктік» атты әскери патриоттық форум өтті.

Форумға құқық қорғау саласының мамандары, әскерилер және белсенді азаматтар қатысты. Бұл форумның басқа форумдардан айырмашылығы бүгінгі форумға ұйымдастырушылар әр салада қызмет етіп жүрген Бауыржан есімді азаматтарды жинаған. Олардың қатарында полиция, әскери адам, дәрігер, заңгер және ақын-жазушы Бауыржандар бар. Олардың бәрі батыр, жазушы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының атын алып жүріп үлкен абырой әрі жауапкершілік дейді.

Форумды «AMANAT» пар­тиясы БҚО филиалы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясын­да ұйымдастырып отыр.  Іс-шара барысында театрландырылған көріністер арқылы Бауыржан Момыш­ұлының балалық шағы, майдандағы ерлігі мен елге қал­дырған өсиеті сахналанды. Ба­тыр­дың тек жауынгер емес, қа­лам­гер, ағартушы ретіндегі бо­лмысы кеңінен насихатталды.

– Бүгін батыр бабамыз Бау­ыржан Момышұлының туғаны­на 115 жыл толуына орай Орал қала­сында үлкен патриоттық іс-шара өткізілуде. «Болмыс пен биік­тік» деген форумның ата­луы­ның өзі үлкен мән беріп отыр. Бұл шараның басты мақ­саты – батыр бабамыз Бауыржан Момышұлын үлгі ретінде кеңінен насихаттау, сонымен қатар жас буынның патриоттық сезімін ояту. Келешек ұрпаққа, жастарға, қазір барлық Қазақ еліне баба­мыздың ерлігі мен батыр рухын насихаттау. Бүгінгі шараға тек жастар емес, студенттер емес, барлық құқық қорғау органдары, әскерилер де қатысып отыр. Олар өздерінің балаларын ертіп келді. Сонымен қатар фо­рум­ға өңіріміздің ең атақты, белгілі Бауыржандарының бәрін жинағанбыз. Олар облысы­мыз­дың түкпір-түкпірінен, аудан­дары­мыздан келіп қатысып отыр, – дейді «AMANAT» пар­тия­сы Батыс Қазақстан облыс­тық филиалы төрағасы Мұрат Мұқаев.

Форумда облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысу­шыларды құттықтап, форумға арнайы шақырылған, өз сала­сын­­да жетістіктерге жетіп жүр­ген бірқатар Бауыржан есімді аза­маттарды марапаттады. Олар­дың қатарында кәсіпкер, мұ­ға­лім, полиция, мәдениет саласы­ның қызметкері, республикалық олимпиада жеңімпазы болған мектеп оқушысы Бауыржан да бар.

Форумда сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев қазір Орал қаласында батыр Бауыржан Момышұлы атында екі білім ордасы барын айтып өтті. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, тарихи тұл­ғаларды ұлықтау – ұлттық сана­ны нығайтудың маңызды негізі. Осы орайда Бауыржан Момышұлының өмір жолын жас ұрпаққа кеңінен таныту – барша­мыздың ортақ міндетіміз.

Бүгінде өңірімізде Бауыржан Момышұлының асыл есімін иеленген екі білім ордасы бар. Бұл мектептерде жас ұрпақ батыр бабамыздың ерлік жолы мен өмірлік ұстанымдарын терең танып, отансүйгіштікке, тәртіп­ке және елге адал қызмет етуге тәрбиеленуде. Сонымен қатар облысымыздағы 19 көше атаула­рына Бауыржан Момышұлының есімі беріліп, оның өшпес ерлігі мен өнегелі өмірі халық жадында мәңгі сақталып келеді. Батыр Бауыржан бабамызбен аттас азаматтардың бірқатары бүгінгі форумға қатысып отыр. Олардың қатарында елге танымал ақын-жазушылар, әскери қызмет­керлер, дәрігерлер, ұстаздар, қоғам және мемлекет қайрат­керлері, кәсіпкерлер, депутаттар, сондай-ақ Бауыржан Момышұлы есімін иеленген №46 орта білім беретін мектептің оқушылары бар, – деді аймақ басшысы өз сөзінде. 

«Ел тарихында өшпес із қалдырған қаһарманның есімі бү­гінгі күні де әскери ортада ерек­ше құрметке ие» дейді әс­кери­лер. Мәселен,  қазіргі уа­қыт­та Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы құра­мын­да Бауыржан есімін иеленген 15-ке жуық әскери қызметші абыройлы қызмет атқарып жүр.

Солардың бірі – әскери қыз­метке жуырда ғана шақырылған жас сарбаз Бауыржан Төлема­ғамет. Ол батыр Бауыржан Момыш­ұлының өмір жолы мен ерлікке толы тағдырын өзіне үлгі етіп, ел тыныштығын күзету жол­ында адал қызмет етуге ниет­ті. Ол да осы форумның құрметті қонағы болды. 

– Бауыржан Момышұлы – мен үшін ерліктің, тәртіп пен отансүйгіштіктің нағыз символы. Өзімнің де атым Бауыржан бол­ғандықтан, батыр бабамыздың жолын жалғап жүргендей сезіне­мін. Ұлттық ұлан сапында қыз­мет ету – үлкен абырой. Әскери антқа адал болып, ел тынышты­ғын күзету – менің басты мақ­сатым, – дейді жас сарбаз.

Екі Бауыржанды тоғыстыра­тын басты қасиет – Отанға деген шексіз адалдық, әскери тәртіпке беріктік пен рухани мықтылық. Бірі – тарихта өшпес із қалдыр­ған қаһарман тұлға болса, бейбіт күн­нің Бауыржандары – сол ер­лік дәстүрді бүгінгі күнде лайық­ты жалғастырып жүрген әскери­лер. 

Орал қаласында өткен пат­риот­тық форумға қатысқан Бауыржандар батыр Бауыржан Момышұлының атын алып жүру үлкен абырой дейді. 

– Менің атымды әкем қой­ған. Менің анам да, әкем де Бауыр­жан Момышұлын қатты қадірлейтін еді. Өмірде Батыр Бауыржанның атын алып жүру, есіміне кір келтірмеу деген бұл – үлкен жауапкершілік. Менің мақсатым осы батыр бабамыздың есіміне кір келтірмеу, тау тұлғаға лайық бола алуға тырысу, – дейді  форуға қатысқан ақын, Орал өңірі газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы