Оның бақ өсіру тәжірибесі мен мұқтаж жандарға жасап жүрген көмегі тек өз ауласымен шектелмей, ауданның көптеген тұрғындарына үлгі болып отыр. Қайрат Сәрсеновтің ерлік ісі көрсеткендей, көпбалалы әкенің шынайы ниеті мен еңбекқорлығы бір ауладағы бақтан бастап, ауыл өмірін өзгертетін үлкен іс-әрекетке айналуы мүмкін. Біз бүтін ауылға үлгі болып отырған кейіпкерімізден бақ өсіру, еріктілік және азаматтық жауапкершілік жайлы сұхбат алдық.
– Қайрат мырза, өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қайдансыз, немен айналысасыз?
– Атырау облысы Мақат поселкесіндегі Қошқар ауылының тумасымын. Бала кезімізден ата-анам бізді табиғатты сүюге, айналаны көгалдандыруға баулыды. Үйіміздің ауласы әрдайым гүлдермен көмкеріліп, бау-бақша, тал-терек жайқалып тұратын.
Әкем мұнай саласында еңбек етті, анам кітапханада, кейін балабақшада қызмет атқарды. Осылайша, уақыттарының қауырт болғанына қарамастан, ата-анамыз бау-бақшаны күтіп-баптауға уақыт табатын. 2010 жылы білесіздер, облыс билігі Мақат ауданының бірнеше ауылын қалаға көшірді. Сол кезде отбасымызбен Махамбет ауданына қоныс аудардық. Махамбет өңірінің ауасы таза, жері шұрайлы. Сол өңірге келгеннен кейін тал сатумен айналысып, кейін бақ өсіруге қызығушылық таныта бастадым. Қазір өзім де көпбалалы әкемін, жеті балам бар. Осылайша, ата-анамның салған ізімен жүріп келе жатырмын.
– Алма бағын өсіру бастамасы қалай пайда болды?
– Махамбетке көшкенде үйіміздің ауласын алабота басып кеткен еді. Сол кезде үлкен балам төрт жаста болатын. Бір жағынан, ұлыма үлгі болу мақсатында өзім алаботаны жұлып, ауланы баламмен бірге жүріп тазалайтынмын. Ауламды толық тазартып шыққаннан кейін, өзім сатып жүрген жеміс ағаштарын отырғыза бастадым. Күнделікті еңбектің нәтижесі тез көрінді: ағаштар алғашқы жемісін бере бастады. Сол сәтте «Неге жер алып, нағыз бақ өсірмеске?» деген ой келді. Өйткені ауылдағы той-садақаларда үлкендер «Сарытоғайда керемет бақ болған еді» деп, тамсана айтып отыратын. Осындай әңгімелер бақ өсіруге деген ынтамды ашты.
Сөйтіп, Махамбет ауданының сол кездегі әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлына барып, өз ойымды жеткіздім. Ол кісі бірден қолдау білдіріп, бірнеше жер учаскесін көрсетті. су тасып, қатынауға ыңғайлы деген үйіме жақын жерді таңдап алдым. Қураған ағаштарды жұлып, учаскені трактормен тегістеп шықтым. Бұл 2016 жыл еді. Сол кезде мемлекеттен «Өрлеу» бағдарламасы арқылы 200 мың теңге қайтарымсыз грант алып, алғашқы ағаштарды сатып алдым. 200 түп алма ағашын отырғыздым. Кейін баққа 30 түп алмұрт ағашын қосып отырғыздым. Сол кішкентай қадамдардан басталған жұмыс бүгінде үлкен баққа айналды.
– Бақ өсіру қаншалықты қиын? Күнделікті жұмысыңыз туралы айтып беріңізші?
– Бақ өсіру – менің сүйікті ісім. Ол тек еңбек қана емес, рухани тұрғыдан да ерекше қанат бітіреді. Күнде таңғы сағат бес-алтыда тұрып, ағаштарды суарып, арамшөптерін жұлу, түптеу, улау, дәрумен құю – бәрі уақыт пен күшті талап етеді. Алғашында қиын болды. Қазір шүкір, балаларым өсті, бақты күтіп-баптауды бәріміз бірігіп жүріп атқарамыз. Қазақ «Бейнет түбі – зейнет» деп босқа айтпаған. Баққа күтім жасау – оңай шаруа емес, бірақ жүрек қалауы мен ниет болса, ешқандай қиындық кедергі бола алмайды.
– Ағаштардың өнімділігі үшін қандай әдістер қолданасыз?
– Ең алдымен, ағаштың сапалы сортын таңдау маңызды. Көктемде және күзде талдарды қию жұмыстарын уақытылы жүргізу, улау, дәрумен беру – басты шарт. Қазіргі уақытта баққа тамшылатып суғару жүйесі енгізілген. Ағаштар өзіне керекті суды алады, сәйкесінше, бабы келіскен ағаштың өнімі де мол болады. Алма бағының жері әкімдіктің балансында, біз тек отбасымызбен баптап, күтіп отырмыз.
– Өнімді мұқтаж жандарға таратуға қалай шешім қабылдадыңыз?
– Алма бағын өсіру кезіндегі басты мақсатым – әу бастан мұқтаждарға аз да болса көмегімді тигізу болатын. Бұл бақ сол кішкентай мақсаттан туған бастама деп айта аламын. Қайырымдылық дегеннен шығады, бірде мынадай қызық жағдай болды. Алма бағы туралы естіген кәсіпкер жігіт хабарласып, менен жемістерді сатып алмақшы болды. Арғы ниеті жемістерді Атырау қаласындағы балалар үйіне жеткізу екен. Мен жемістерді сатпаймын, бірақ қалаға жеткізіп беремін дедім. Сол кезде ол жігіт: «Екеуміз де сауап алайық. Мен сізден жемістерді сатып аламын, сол қаражатпен мұқтаждарды тамақтандырыңыз», – деді. Солай жасадық та. Сол сәтте жүрегім ерекше қуанышқа бөленді. Сыйлық алған адамнан сыйлық берген адам бақытты деген сөз бар. Себебі Алла беруші адамның жүрегін қуантып қояды екен. Қайырымдылық жасаған сайын өзімді бақытты сезіне түсемін.
– Сіздің бастамаңыз ауыл тұрғындарына қалай әсер етті?
– Менің тәжірибемді көріп, ауыл тұрғындары да үлгі алады. Түрлі спорт, ойын алаңдарын салып, ауылдарды көркейтуге үлес қосып жүрген азаматтарымыз бар. Рас, Махамбет ауданының өзінде 4-5 адам жер алып, бақ өсіріп көрді. Бірақ ағаштар жеміс бермей, қурап кетті. Сондықтан баптап отырған бағымның толассыз жеміс беруін Алланың маған қарасқаны, үлкен сыйы деп ойлаймын. Себебі баққа да күтім керек.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Жер берілсе, алма мен алмұрттан басқа да жеміс ағаштарын өсіруді қалаймын. Және бір еккенде жемістердің бірнеше сортын өсіріп көргім келеді. Жұма сайын бір отбасына азық-түлік жеткізіп тұрамын. Мерекелерде ауыл балаларын тәттімен қуантамын. Демеушілер қолдауымен құдық қазып, үйлерге су тарту сияқты жобаларды жүзеге асырып жүрмін. Жомарт жандардың қолдауымен Исатай, Индер, Жылыой, Махамбет аудандары, Атырау қаласында 12 мешітті жарық диодтық шамдармен жабдықтап бердім.
Дегенмен қиыншылықпен өмір сүріп жатқан отбасылар өте көп. Алдағы уақытта көмекті үлкен масштабта ұйымдастырып, мұқтаж отбасыларын баспаналы етуге үлес қосу жоспарымда бар. Сондай-ақ Жайық бойын тазалау, ауданның орталық көшелеріне гүл отырғызу жұмыстарын ұйымдастыру ойда бар.
– Өмірдегі ең үлкен байлығыңыз не?
– Денсаулығым мен отбасым. Балаларым, жұбайым – мен үшін ең басты байлық.
– Еріктілердің қоғамдағы рөлі туралы не айтар едіңіз?
– Қазіргі уақытта еріктілердің рөлі қоғамда өте маңызды. Жетім-жесірлер, мүгедек жандар өте көп. Қыс мезгілінде ол кісілердің үйлерінің ауласын тазалап, қар шығарып тастасақ қандай керемет. Жаз күндері ауланың шөбін жұлып, күнделікті тамағын жеткізіп отырсақ, бұл да біткен іс болар еді. Еріктілеріміз көбейген сайын, қоғам ізгілене түседі деп ойлаймын. Себебі еріктілер – үлкен ерлік істеп жүрген адамдар.
– Болашақ ұрпаққа қандай өсиет қалдырар едіңіз?
– Сұхбатымызды ғибратты әңгімемен аяқтағым келеді. Жаңбырлы күні әкесі мен баласы далада келе жатады. Әкесі алдында, ұлы соңынан еріп жүреді. Әкесі ұлына жаны ашып, «балам, сақ болып жүр, жер балшық» дейді. Сол кезде ұлы «әке, о не дегеніңіз, мен сіздің ізіңізбен келе жатырмын ғой» деп жауап беріпті. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Бала көргенін істейді. Сондықтан жастарымыз адалдыққа, еңбекқорлыққа және білімге мән беру керек. Бала қайырымдылықты көріп өссе, ол өмірде дұрыс жол таңдайды. Кең болсаң, кем болмайсың.
Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚ