Таяуда Астана қаласының «Жастар» театры әлемдік классик жазушы Стефан Цвейгтің «Бейтаныс әйелдің хаты» новелласын пьесаға аударып, жаңа қойылымның премьерасын өткізді. Режиссердің шеберлігіне тамсанып, өмірден өнер өрген туындының куәгеріне айналдық.
Стефан Цвейгтің күрделі болмысын, сан саладағы еңбегін әлем жұрты ерекше бағалайды, дегенмен оның атын паш еткен де өміріндегі сол бір бейтаныс әйелдің хаты еді. Біз баяндап отырған қойылымда режиссер Стефан Цвейгті емес, бейтаныс әйелдің әлемін басты назарға қояды. Өшпес-өлмес махаббатты емес, әйелдің үнсіз тағдыры, ішкі құрбандығы, нәзік жүректің ерлігі бейнеленеді. Бейтаныс әйел дегенімізбен, бұл кейіпкер барлық қыз баласының жиынтық образы сынды. Әрине, көрерменнің қабылдауына ауыр соқты, тіпті жұрт адам баласында мұндай сезім болады екен ғой деп қайран қалысып жатты. Премьерадан соң қойылымның режиссері Нұрфат Уахитовты сөзге тартып, пікірін білдік.
– Әр премьера театр үшін бір баланың дүниеге келуімен бірдей. Осы айдағы премьерамыз өте қиын болды, жанры психологиялық драма болғандықтан да ауыр тиді. Стефан Цвейгтің новелласын пьесаға аудару, драма шығару оңайға соқпады. Көрерменге әсер еткенде, өзіміз де бір жеңілдеп қалдық. Шығарманы психологиялық тұрғыда қабылдау ауыр, дегенмен де қазақ халқына айтары болса, неге ұсынбасқа деген ой келді. Жұрт түсінбей жатса, бұл да – ой салғанымыз. Неге түсінбей кетті, яғни ары қарай ізденіп, оқуға да итермелеуіміз мүмкін, – дейді Н.Уахитов.
Режиссердің интерпретациясы, қойылымды беру формасы да дүйім көрерменге ерекше әсер берді. Мұнда бір әйелдің бейнесін, тағдырын жеті актриса сомдайды. Әр актриса әйелдің өмірдегі елеулі әр кезеңін, ішкі әлемін шынайы жеткізуге күш салғаны көрініп тұрды. Егер кейіпкерді бір актриса алып шықса, көрермен мұндай ғажап сезімге бөленбес еді әрі жас актрисалардың шыңдалып, кәсіби өсуіне де керемет мүмкіндік туды.
– Жастарды кінәлаудан аулақпын, бірақ көбі кітап оқымайды. Әлемдік әдебиет пен қазақ әдебиетінде сабақтастық болу керек. Жалпы, шығарма өте көлемді, 1 сағат 20 минутқа сыйдыруға тырыстық. Шығарманы түгел сахналайтын болсақ, көлемді сериал шығатын еді. Қойылым Әзербайжанда, Ресей театрларында сахналанып жүр. Шығарма Еуропа елдерінде деректі фильм, кино, қойылым ретінде де өте танымал. Еліміздегі театрларда бұл шығарма әлі кездескен емес, алғашқылардың бірі болып сахналадық, – дейді Н.Уахитов.
Режиссер жеті актрисаны да өте сәтті, үйлесімді таңдап алған. Актрисалар әйелдің жеті түрлі кезеңін ойнаса да, шынайылығы сонша жетеуінен бір күйді сездік, жетеуі де құдды бір әйелге айналып кеткендей сендік, тұтас тағдырды көре білдік. Әйелдің 13-17 жас аралығын ойнаған Әйгерім Дәуренқызының өнері жөнінде бірауыз айта кеткеніміз жөн болар. Актриса бала шақты, жастықты, албырт сезім мен махаббат күшін шынайы жеткізді, ауыр үстелді арқасымен көтеріп ала жөнелгені, алып-ұшып тұрған ұшқалақтығы сондай әсерлі шыққан. Өнер иесінің өзімен де тілдесіп үлгердік.
– Кейіпкерімнің жанына балалық сезімді беруге тырыстым. Жүрісін, тәтті қылығын көрсету үшін аяғымды ішке қарай басып жүрдім. Бала махаббатты жеткізу үшін ұяң болып, жазушының көзіне тік қарамай, үстелдің астына тығылып, оған есіктің көзінен сығалап қарап, ауа жетпегендей қысылып та, әртүрлі қызық әрекетті қостым. Өзім де әлі жаспын ғой, балалығымды жоғалтпай, бойыма еркіндік бердім. Бастысы, әйелдің жеті шағы біртұтас болып, яғни жеті актриса бір адам болып шығу керек. Бәріміз бірге жалаңаяқ билеп көрдік. Кейіпкердің дауысын табу үшін «читка» кезінде түрлендіріп оқып көрдік. Ең басты реквизит орындық болған соң орындықпен 1 ай достастық. Оған шығып билеп, астына кіріп, тығылып, құлатып та көрдік, құшақтадық та, – дейді Әйгерім Дәуренқызы.
Режиссердің ауыр тағдырды да өнердің биік деңгейінде жеткізуге күш салғанын айттық. Оған тағы бір дәлел – режиссер ассистенті Айнұр Рахипова мен хореограф Гүлсая Тәуірханованың еңбегі дер едік. Өмірдің қалтарыс-бұлтарысы, тартысы нәзік иіріммен – сәтті пластикалық элементтер арқылы көрермен жүрегіне жетті. Бұған қоса, эстетикалық талғаммен дайындалған реквизиттердің де маңызы зор. Актрисалардың киімі, жазушының кітап, сөмкесі, көкте ілінген ақ мата, ақ раушан гүлі, әр детальдың да көрерменге жеткізер сыры бар, ал жас көрермен үшін шыр айнала, жүйтки қозғалып бара жатқан пойыз, сірә, қызық көрінді. Бұдан кейін кейіпкердің бойжеткен шағын сомдаған актриса Перизат Ақанқызының да әңгімесін тыңдадық.
– Премьерадан соң әлемімде бір тыныштық пайда болғандай, тұтас кезеңмен қоштасқандай күй кештім. Кейіпкерімді тереңірек таныған сайын әйелдің қаншалықты нәзік, соған қарамастан мықты екенін түсіндім. Кейіпкер маған бөтен емес, болмысыммен көп жерде үндестікті байқаймын. Сезімге адалдық, махаббатқа бар жаныңмен берілу – бойжеткен шаққа тән қасиет. Адам өмірді де, сезімді де шектемейді, бәрі шексіз көрінеді. Әдемілікке жаны құштар, сұлулықты сүйетін қыздың ғашық болуы да ерекше болады, соны біз көрсете алдық деп ойлаймын. Қойылымдағы көп дүние халқымыздың түсінік-пайымына жат көрінуі мүмкін, біз махаббатты сұлулыққа балап, ерекше сезімнің де болатынын танытқымыз келді. Қыздың жаратылысы, қиялы, ойлауы мүлдем бөлек, осылай да адам сүюге болады, – дейді Перизат Ақанқызы.
Қыз баласының ерлігінің бір қыры – өмірге сәби әкелуі. Өмір мен өлімнің арпалысына түсіп, ұрпақ сүйе білуін ешбір сөзбен жеткізе алмаспыз. Сол кезеңді қойылымда шынайы көрсете білген актриса – Айбибі Дарханқызы. Премьерадан кейін, бірнеше күннен соң актрисаға хабарласқанымызда, оның әлі де сол бір толқыныстан арыла алмағанын байқадық. Көңілі босап, әсерлі әңгімесін ақтарып салды.
– Маған толғақты көрсету керек болды, алайда өзім әлі тұрмысқа шыққан жоқпын, толғақты басымнан өткерген емеспін, сондықтан да осы рөлімді, монологымды халыққа жеткізе аламын ба деген қобалжу болды. Бірақ дайындық кезінде алғашқы сөзімді оқығаннан бастап жүрегім ауырып, көңілім толқып қоя берді. Қойылым мүлде басқа стильде болды, пластикамен және монологпен көп жұмыс істедік. Бастапқыда тыныштықта ақырын дайындалып бастағанымыздың өзінде жүрегім дүрсілдеп, көзімнен жас парлап ақты. Бұл сәтті әлі басымнан кешіп көрмесем де, сезіне білдім. Осы 26 жасқа келген шағымда, анамның қалай қиналып, мені дүниеге алып келгенін түсініп, сол дүниені алғаш рет ойладым. Әрине, премьера кеше ғана болды, әлде де рөлімді жетілдіре түскім келеді, өзінің жететін шыңына, кемеріне жеткізуге тырысамын, – дейді Айбибі Дарханқызы.
Қойылым әйелді кінәламай, керісінше оның жанын түсінуге итермелейді. Бейтаныс әйелдің кешкен ғұмыры, бастан өткен оқиғасы – өмір шындығы, бүгінгінің де көрінісі. Бұл шындық елді де, адамды да, уақытты да таңдамайды, әрбірімізде кездесуі мүмкін.
Айсұлу СЪЕЗХАН