Бір жерде ол тыныштық пен рухани тазару кезеңі болса, енді бір мемлекетте думанды шоу мен таңғаларлық салт-дәстүрлерге толы. Әлемнің әр түкпірінде Жаңа жылды қалай қарсы алатынына бір көз жүгіртейік.
Жарық пен магияға толы Азия елдері
Жапонияда Жаңа жыл – асығыстықтан арылып, ішкі тыныштыққа бет бұратын ерекше мезет. Түн ортасы ауа ғибадатханаларда қоңырау 108 рет баяу соғылады. Дзёя-но-канэ деп аталатын бұл көне дәстүр буддизм ілімінде адам бойындағы нәпсі, ашу, көреалмаушылық секілді кемшіліктен арылудың нышаны саналады. Әрбір қоңырау үні өткен жылмен қоштасып, жаңа үмітке жол ашады. Мереке қарсаңында жапондар үйлерін мұқият тазалап, жаман энергиядан арылуға тырысады. Жаңа жылдық нэнгадзё ашық хаттары алдын ала әзірленіп, дәл 1 қаңтар күні адресаттарына жетуге тиіс. Үйлер қарағай мен бамбук бұтақтарымен безендіріліп, ұзақ ғұмыр мен бақ-берекені меңзейді. Ал мерекелік дастарқанның басты сәні – моти. Бұл тағам жапон халқы үшін төзім мен қуаттың символы болып саналады екен.
Қытайда Жаңа жыл Ай күнтізбесіне сай тойланып, думанды мереке он бес күнге созылады. Бұл кезең Фонарьлар фестивалімен түйінделіп, түнгі аспанда мыңдаған жарық шам жанады. Қалалар қызыл шамдармен көмкеріліп, көшелерде айдаһар мүсіні қойылады. Мұның бәрі – бақ-береке мен молшылықтың нышаны.
Қытай халқы Жаңа жылды отшашусыз елестете алмайды. Аспанды жарып шыққан фейерверктер ежелгі сенім бойынша жын-перілерді үркітіп, жамандық атаулыны алыстатады деп есептеледі. Ал мерекелік дастарқанның басты тағамы – алтын құймасына ұқсайтын тұшпара. Ол келер жылдың байлық пен ырысқа толы болсын деген ізгі тілектің белгісі.
Үндістанда Жаңа жыл әртүрлі күнтізбе бойынша тойланады. Ең кең ауқымды мереке Гоа штатында өтеді. Бұл күні дауласуға, дөрекілік көрсетуге және қарыз сұрауға тыйым салынады. Халық үйлерін тазалап, ескі заттарды тастайды. Кейбір аймақтарда әйелдер сәттілік үшін қынамен өрнек салады. Үйлерде шыршаның орнына манго немесе пальма ағашы безендіріледі.
Дәстүрді дәріптеген Еуропа елдері
Испанияда 31 желтоқсан түні Мадридтегі Пуэрта-дель-Соль алаңы мерекенің орталығына айналады. Қоңырау үнімен 12 жүзім жеу әр жылғы дәстүр саналып кеткен. Өйткені 12 жүзім жылдың әр айы сәтті болсын деген ырым көрінеді. Сондай-ақ испандықтар Жаңа жыл түні қызыл іш киім кию сәттілік әкеледі деп сенеді.
Италияда Жаңа жылды көшеде қарсы алады. Кей аймақтарда ескі заттарды терезеден лақтыру дәстүрі сақталған. Дастарқаннан жасымық үзілмейді. Себебі ол молшылықтың белгісі деп саналады екен.
Данияда Жаңа жыл түні ерекше әрі дабыралы дәстүрмен қарсы алынады. Дат халқы көршілерінің есігінің алдына жиналған ескі ыдыс-аяқты әдейі сындырып, жыл бойы жиналған сәтсіздікпен қоштасады. Ел сенімінде қанша сынық көп болса, келер жылдағы бақ-береке де соншалық мол болады. Сондықтан бұл түні тыныштық болмайды: петарда, отшашу мен күлкі араласқан шу айналаны кернейді. Даттар үшін Жаңа жыл – дауыспен қарсы алынып, шаттықпен басталуға тиіс мереке.
Шоу мен экзотикаға толы Америкада Жаңа жылдық көңіл күй мүлде бөлек. Бұл жақта Нью-Йоркте Таймс-сквер алаңында әйгілі хрусталь шардың төмен түсу рәсімі өтеді. Миллиондаған адам бұл сәтті тікелей тамашалайды. Кей штаттарда тарихи шеру мен тақырыптық кештер ұйымдастырылады.
Бразилияда Рио-де-Жанейро жағажайында мыңдаған адам ақ киім киіп, теңіздегі жеті толқыннан секіреді. Бұл – тілек тілеу рәсімі. Мереке Иеманжа су тәңіріне гүл ұсынумен және ауқымды отшашумен жалғасады.
Жаңа жылдық демалыс қанша күнге созылады?
Әлем халықтары Жаңа жылды әртүрлі дәстүрмен қарсы алса, мерекелік демалыс күндерінің ұзақтығы да өзгеше. Бірі рухани тазаруға уақыт бөлсе, енді бірі ұзақ каникулды отбасымен өткізуді жөн көреді. Осы орайда Қазақстанның көршілеріндегі жағдайға назар аудардық.
Әзербайжанда 31 желтоқсан – ресми демалыс күні. Бұл күн елде ғана емес, шетелдердегі әзербайжан диаспорасы көп шоғырланған өңірлерде Әзербайжандардың Ынтымақ күні ретінде атап өтіледі. Аталған мерекені 1991 жылы елдің сол кездегі көшбасшысы Гейдар Әлиев жариялаған.
Qafqazinfo.az мәліметінше, әзербайжандықтарды биыл ұзақ жаңажылдық каникул күтіп тұр. Алдын ала ақпарат бойынша 2025 жылғы 29, 30, 31 желтоқсан және 2026 жылғы 1, 2, 3, 4 қаңтар аралығы – барлығы 7 күн демалыс болып белгіленуі мүмкін.
Беларусьте демалыс күндері дәстүрлі түрде алдын ала жоспарланады. Елдің Еңбек министрлігі жұмыс күндерін көшіру кестесін бекітіп, халыққа қолайлы жағдай жасайды. 2025 жылдың соңында жұмыс күндері мынадай тәртіппен ауыстырылады: 26 желтоқсан (жұма) – 20 желтоқсанға (сенбі) көшіріледі. Нәтижесінде, 25-28 желтоқсан аралығы – төрт күн қатарынан демалыс болады. Католик Рождествосынан кейін бұл демалыс Жаңа жыл және православ Рождествосымен жалғасады. Ұйымдарға жұмыс ерекшелігін ескере отырып, кестені өз қалауынша өзгертуге де мүмкіндік берілген.
Ресейде жаңажылдық демалыс жыл сайын ерекше ұзақтығымен көзге түседі. Биыл да сол дәстүр жалғасып, ресейліктер 12 күн бойы демалады.Демалыс күндерін көшірудің нәтижесінде, 31 желтоқсаннан бастап 11 қаңтарға дейін жұмыс болмайды. Яғни, 1-9 қаңтар аралығындағы демалысқа 31 желтоқсан мен 10-11 қаңтар қосылған.
Айта кетейік, Ресейде мұндай ұзақ каникул 2013 жылдан бері қалыптасқан. Алғашында тек 1-2 қаңтар ғана демалыс болса, кейін халықтың сұранысына сай мерекелік күндер біртіндеп көбейтілген.
Қырғызстанда да Жаңа жыл қарсаңында жұмысшыларға жеңілдік жасалады. Елдің Еңбек министрлігі 31 желтоқсанда қызметкерлерді жұмыстан босатуға рұқсат берген. Бұл күні тек мемлекеттік органдар мен шұғыл қызметтер ғана жұмыс істейді.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1-7 қаңтар аралығы ресми мерекелік демалыс күндері болып белгіленген. Мұндағы 1-6 қаңтар – жаңажылдық каникул, ал 7 қаңтар – православ Рождествосы. Осылайша, қырғызстандықтар 8 күнге дейін демала алады.
Жаңа жыл – күнтізбедегі күн ғана емес, әр халықтың мәдениеті мен дүниетанымын көрсететін ерекше құбылыс. Бір елде ол тыныштық пен тазару символы болса, екіншісінде думан мен шаттықтың мерекесі. Түрлі дәстүрге қарамастан, барлық халықты біріктіретін ортақ ниет бар, ол – жаңа жылды үмітпен, жақсылыққа сеніммен қарсы алу.
Әсет ҚАЛИ