Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері экономикалық қызмет саласында ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Күдікті 2023-2024 жылдары Алматыда коммерциялық құрылымды басқара отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы іс жүзінде жұмыстарды орындамай жалған шот-фактураларды жазу схемасын ұйымдастырған.
Заңсыз әрекеттер нәтижесінде мемлекетке шамамен 1,3 миллиард теңге көлемінде салықты төлемеу түрінде залал келтірілген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
2025 жылдың қыркүйегінде ол Грузияда ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кеткен жөн, 2025 жылдың сәуір айында аталған қылмысқа қатысты сыбайлас болған адамды бас бостандығынан айыруға соттаған еді.